ОРДАБАСЫДА МӘДЕНИ ТУРИЗМНІҢ ОРНЫ ЕРЕКШЕ

0
118


Ордабасы мемориалды кешені–Ордабасы ауданындағы таулы өңір. Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір¬тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш¬кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. “Күлтөбенің басында күнде жиын”-деген сөз сол заманнан қалған.
Халқымыздың төл тарихы тереңге тамыр тартады. Оның ішінде, әрине, Ордабасы төбесінің ел тарихында алар орны ерекше. «Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – бар-баршамыздың перзенттiк парызымыз» дейді белгілі жазушы-журналист Мархабат аға Байғұт. Тарихтан мәлім, Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған.
Халық құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле би, Қазыбек би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылары мен батырлары қатысты.Сол жолы қазақтың басы Ордабасы болып бірікті де қазақ тарихындағы 1723-1727 жылдардағы нәубетті кезеңнің қара бұлтын аспанынан біржола ығыстырды. Тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған жоңғар шапқыншылығына тоқтау салды.
Осында қазақтың үш жүзінің өкілдері ұлы құрылтай өткізді. Біртұтас қазақ әскері құрылып, бас қолбасшы сайланды. Батырлығы, әдіс-айласы, соғыс тәсіліне жетіктігімен танылған Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен қазақ жасағына бас қолбасшы болды.
Осылайша берекелі ауыздан шыққан берік байламның арқасында қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Ордабасы тауының қасиеті осында жатыр.
«Қазақ рухының қағбасы болған» (Ә.Кекілбаев) орында 1993 жылы үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерімен бірге 20 елдің делегациясы қатысқан басқосу нағыз бірлікке үндеген маңызды, тарихи оқиға болды. Оған жалпы 150 мың адам қатысты. Биыл бұл датаға 28 жыл толып отыр. Сол жиында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Береке басы – бірлік» деген баяндама жасаған. Баяндамада ел болуды көксеген ұлы арман-мақсат, мүдделер айтылды.
Баспасөздер сол күндері жиында айтылған «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген Әбіш Кекілбаевтың, «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деп өз ойын тұжырымдаған Мархабат Байғұттың сөздерін жария етіп жатты. Біреу білсе, біреу білмес, Н. Назарбаев Ассамблея құру туралы идеясын да 1993 жылы осы Ордабасыда айтқан болатын. Қосымша дерек-дәйек ретінде қысқаша тоқталып өтсек, артық болмас. Халқымыздың басын біріктірген киелі тауда Президент үш бидің рухын мәңгі құрметтеу үшін монумент орнату жөніндегі қойылған белгітасты ашып берген еді.
1997 жылы көктемнің алғашқы айында «Бірлік» монументінің құрылысы басталып, оған облыстағы бірнеше мекеме мен қолынан іс келетін азаматтар көмек қолын созды. Сол жылдың 19 қыркүйегінде ескерткіштің ашылу салтанаты болып, оған Елбасының өзі қатысты.
«Бірлік» монументінің биіктігі 28 метр болса, төменгі шеңбер диаметрі сегіз метрге жетеді. Ескерткіштің үш бұрышындағы стелалар ақ мәрмардан жасалған, олар үш бидің тұлғасын білдіреді.
Оның батыстағы қыры Сырдарияға, солтүстік қыры Қаратау тауларына, ал оңтүстік-шығыс қыры болса киелі Қазығұрт тауларына қарай бағытталған. Ескерткіштің әр бетінде Төле, Қазыбек, Әйтеке айтып кеткен ұлағатты сөздер тасқа қашалып, жазылған.
Монументтің ортасына бекітілген шаңырақ бар. Сол шаңыраққа «Ынтымағымызға көз тимесін» деген ниетпен тұмар ілінген. Ал төменірек тұрған шашбау-сылдырауық «Ел мен жерімізді қорғаңдар, құлақтарың әрдайым түрік жүрсін» деген ұлы билердің ескертпесі секілді.
«Жүзге бөлінбей тұтас мемлекет болсақ» деген мағынада монументтің төбесінде хан қалпағының бейнесі бар. Бұл Бірліктөбе теңіз деңгейінен 530 метрдей биіктікте жатыр, сол себепті де монумент жүздеген шақырымдардан көзге шалынады. Монумент алдындағы алаңда Елбасының «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген сөзі жазылған тұғыртас бар.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірліктің бастауы болған Ордабасы тауының биігіне бүгінде үш бидің ескерткіші орнатылды. Жоба аясында үш би ескерткіші мен келушілер үшін жаяу жүргіншілер және автомобиль жолдары салынатын болады. Осылайша тарихи аймақ жаңғыртыла отырып, туристер келіп тамашалайтындай абаттандырылған орынға айналмақ. Жалпы қорық аумағында жоспарланған жобалау жұмыстары 85,9 гектарды қамтиды.
Оның ішінде жаяу жүргіншілерге арналған жол ұзындығы 2415,4 метрді, ал автомобиль жолының ұзындығы 3129,5 метр. Сонымен қатар, жобаның екінші кезеңінде мұнда этноқалашық, музей мен амфитеатр салу жоспарлануда.
Ордабасына тікелей қатысты тағы бір жақсы сөз бар – бұл қазақ бөлініп те көрген, бірігіп те көрген. Бөлінгені – Ақтабан, біріккені − Ордабасы деген салиқалы сөздер бар. Бұның дуалы сөздің түбінде тұнған тарих жатыр. Ордабасы тауында жүргізілген соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде тау айналасынан екі жарым мың жыл бұрын жерленген сақ тайпаларының ұлы көсемдерінің бейіттері табылған.
Киелі тау бұл күндері ғана емес сонау сақ дәуірінде де ерекше маңызға ие болғанын көрсетеді. Ордабасы тауында тағы да көзге түсетін ерекше дүние бар. Ол 1993 жылы қойылған тайқазандар. «Бір үйдің балалары секілді бір қазаннан ас ішейік» дегендей тайқазан, халықты татулыққа үндейді. Осылайша, Бірлік-Ордабасы мемориалды кешені еліміздегі мәдени туризмнің дамуына серпін беруде.
Ордабасы тауының шыңында монумент көрініп тұр, бұл сол батырлық жылдар жайында еске түсіретін 28 м биіктіктегі стела. Үш қырлы стела ақ мәрмәрден жасалған тақталармен қапталған. Оның әр қыры Қазақстанның әр шетіне бағытталған сияқты: Сырдария жағына – батыста, Қаратау тауларына – солтүстікте, Қазығұрт тауларына – оңтүстік-шығыста. Стеланың әр қырында үш ұлы бидің айтқан сөздері жазылған тақтайшалар бар. Бұл жер қазақ халқының тарихи, мәдени және рухани көрікті жері ретінде белгіленуі тиіс.
Әділ Айтөре

Leave a reply