ТҮРКІСТАН: ТҰҚЫМБАҚТАРДА 6 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ӨСІРІЛІП ЖАТЫР

0
85

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» мекемесі қарамағында 2 тұқымбақ бар. Жалпы аумағы 140 гектар аумақты алып жатқан бақтарда 28 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Қазіргі таңда тұқымбақтарда 5,7 миллионнан астам көшет өсіріліп жатыр. Бұл жайында «Жасыл Аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
-«Жасыл аймақ» КММ қарасты жасыл белдеу екпелері облыс көлеміндегі бірқатар аудандарда орналасқан. Жалпы аумағы 28 335 гектар жерді құрайды. Қазіргі таңда 17 019 гектар аумаққа әртүрлі ағаштар 6 аймаққа бөлініп отырғызылды. Мекемеде 591 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 76 дана арнайы техникамен қамтамасыз етілген,- деді спикер.

Сонымен қатар, спикер «Жасыл аймақ» мекемесіне қатысты бірқатар өзекті сауалдарға жауап берді.
– «Жасыл белдеудің» жайылым қорғайтын және мелиоративті-қоректі алқа ағаштар алқаптарында, яғни сексеуілді алқаптарда құдық қазу, суару, трансформатор орнату, тыңайтқыштар шашу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан 1,2 млрд. теңге қаржыны тиімсіз жарату фактісі негізсіз деп есептейміз, – деді.

«Жасыл белдеудегі» орман алқаптары Түркістан қаласы аумағының экологиялық жағдайын есепке ала отырып құрылуда. Жердің құнарлылығы 4 топқа бөлініп, соған байланысты ағаш түрлері егіліп жатыр. Мәселен, 4-топтағы топырақ орман өсіруге жарамсыз. Онда тұздылық 3%-ға және жерасты сулары 8 метрге жоғары. Дегенмен, зерттеу жұмыстары нәтижесінде ол жерлерде алқа ағаштарының 3 түрін өсіру мүмкін деп танылған. Сондай-ақ, бұл аумақтарда егіліп жатқан ағаш-бұталардың жетілуіне кемінде 8-10 жыл уақыт қажет екенін айтты ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Битөре Жұмақанов.

Бұдан бөлек, спикерлер мекемеге қарасты 103 гектар жер телімі бойынша жауап берді. Аталған аумақ мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылып, жоспар бойынша сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары «КАТКО» БК» ЖШС-на бекітілген болатын. Алайда бұл жер теліміне жер айдау, агротехникалық жұмыстар және сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Яғни, бұл 103 гектар жер теліміне бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмағандығы бойынша актілер түзіліп, мәліметі тиісті органдарға жолданғанын айтты.

Leave a reply