ТҮРКІСТАН: ЖӘДІГЕР ШАҺАР ЖАЙЛЫ ТАРИХ ТОЛҒАМЫ

0
39

Түркістанның шығыстағы қақпасы болып саналатын Сайрам тек қана Орта¬лық Азия емес, жалпы Еуразия құр¬лы¬ғындағы ең көне қалалардың бірі. Әлем халықтарының тарихын алғаш бір жүйеге түсірген атақты Рашид ад-дин «Жами-ат тауарихта» Сайрам тари¬хын қазақ «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» дейтін Алаша хан заманымен, яғни жылқышылық өркениеті басталған энеолит дәуірімен байланысты баяндайды: «…түріктер Яфетті Абулджа-хан деп атады және қазір де солай атап келеді, осы Абулджа-ханның Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жа¬қын екендігіне келгенде олардың бар¬-лығының да жауаптары бір. Бүкіл моғолдар, түрік тайпалары және бар¬лық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.
Абулджа-хан көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортағ және Қазтағ, сол шамада Инандж атты қала болған. Абулджа ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук Какьян және Қарақұм, оны Қарақорым деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қалалар орналасқан.
Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шеті¬нен екінші шетіне жету үшін бір күн жүру керек және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді….» .
Содан бері Сайрам аты да сан ал¬уан өзгерді, оны бірде Исфиджаб десе, бір¬де Мадинат ал-Байзо, бірде Ақ ша¬һар, бірде Орынкент деп атады. Сай¬рам¬ның қасиетті орындары, осы жерде туып-өскен ғұламалар туралы аз жа¬зылған жоқ, солардың ішінде Ми¬рахмад Мирхолдарұлы жазған «Сай¬рам тарихи» кітабы да бар. Ол ескі деректерге (рисола) сүйеніп бұл жерде ерте замандарда Ыдырыс пайғамбар сәжде қылған, Қызыр пайғамбардың ізі қалған, Иса пайғамбар мен Нұқ пай¬ғам¬бар¬лар жүрген, Ануширван Әділ билік жүр¬гіз¬ген дейді.
Қола дәуірінің тарихы баяндалған «Авестаның» қасиетті гимндерінде де Түркістан өңіріндегі қалалық мекендер мен Қаратаудың теріскей жа¬ғын¬дағы шұрайлы жайылымдар тура¬лы айтылған. Көптеген ғасырлар бойы Қа¬ратау беткейлерінде абыздар ар¬иан, тұ¬ран, қиян тайпаларының тұрақ¬та¬рында Зәрдүш ілімінің қасиетті мәтін¬де¬рін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Біз Зәрдүш атауынан ежелгі Күнге табынушылықты, Күнді қасиеттеуге байланысты пайда бол¬ған «Жар» (Жарықтық, Жаратушы) ұғымын көреміз. Солтүстік Қаратеңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта «Арианам Вайджа», яғни арийлер кеңістігі, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сырдария мен Әмудария) терең өзендерімен суа¬рылып жатқан Арианам-Вайджа жері тек арийлердікі ғана болмаған. Мұнда арийлердің бірде дұшпан, бірде дос болатын турлар мен қияндар да мекендеген. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға – құдайлар пан¬теонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпааралық соғыс¬та-рының қым-қиғаш тарихы өрледі. Зороастризмнің (Зәрдуш) негізін салушы Заратуштраның өмір сүрген жылдары М.Бойстың айтуы бойынша: «б.з.б. 1500-1200 жылдар аралығында өмір сүрген. Осы кезеңде Ұлы дала мәдениеті гүлдену үстінде болған, оны «дала ренессансы» деп атауға болады».
Бұл үзік-үзік мәліметтер күрделі этно¬тарихи үрдістердің бейнесін толық ашып бере алмайды, дегенмен ұлан-ғайыр дала кеңістігінде болған мем¬лекеттерге, маңызды оқиғаларға, үлкен тұлғаларға барлау жасауға мүм¬кіндік береді. Бұл бетбұрыс дала метал-лур¬гия¬сының дамуына байланысты болды. Түсті металл өндірудің көптеген орталықтары дала аймақтары шекарасынан шығып Шығыс Қазақстан мен Алтай тауларын, Оңтүстік Сібір мен Солтүстік Қазақстан, оңтүстігінде Бетпақдаланы да қамтиды. Қоғамда кен өндірісімен, құрылыспен айналысатын, қыш заттарын дайындайтын қауымдар қалыптаса бастайды. Ірі өнеркәсіптік мамандану және мал санының өсуі мәдени дамудың негізін салады. «Авеста» кіта¬бын¬да Сайрам аты аталады. Қаңлы елі¬нің қысқы қонысы осы жерде болды, соның дәлеліндей Сайрамда «Қаңқа» аталған «жой» болды дейді жергілікті өлкетанушылар.
Сонымен қазіргі күні Түркістан ша¬ғын қала болғанымен ертеде үлкен қала¬лық аймақтын орталығы болғаны сөзсіз. М.Ж.Көпейұлы шежіресінде Түр¬кістанды «Қырық қақпалы Қара¬шық» деп атайды, қазіргі уақытта Қара¬шық Түркістаннан Қаратауға қарай орна¬-ласқан орташа қалашықтардың бірі. М.Ж. Көпейұлы «Түркістан һәм қадим¬нен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті Ала¬тауда, бір шеті Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» аталатын жер ат базары еді, Түркістанның күнбатысында «Теке суы» деген жер қой базары еді» деп бастайды Түркістан баянын. Біздің ойы¬мызша әуел баста Қаратаудың күн¬гейінде орналасқан орталығы Түр¬кіс¬тан болған бүкіл қалалық аймақ Қара¬шық аталған. Бұл мегаполисті айна¬ла қырық қақпалы қорған болуы әбден мүмкін деген ойдамыз, әйтпесе қырық қақпа ортағасырлардың ең үлкен қа¬ла¬лары атанған Бағдат пен Бұхарада да бол¬маған.
Түркістан өңірінің одан бергі тари¬хы белгілі десек те болады, тек көне түрік заманын Қарахан өркениеті сияқ¬ты ғаламат құбылыспен байланыстыра қараған жөн. Себебі Қарахан ме쬬лекетінің саяси дәстүрлері де көне замандардан өз бастауын алады, олар¬дың билеуші әулеттерінің тіпті Афрасияб патша тұқымымыз деген тарихи сенімі де көне замандарға, арий-тур замандарына нұсқайды. Ежелгі түрік әдебиетінде Алып Ер Тоңға атымен белгілі Афрасияб атауының түпкі мағынасы біздің ойымызша Қарахан. Себебі Афрасияб Қарахан атауының иранша аудармасы, атақты шығыс ша¬йыры Фердоуси жырлайтын Иран-Тұран соғыстары заманындағы түрік елінің әфсаналық басшысы Афрасияб біздің аңыздарымыздағы Қараханға дөп келеді. Ал егер Қарахан қай заманда өмір сүруі мүмкін деген сұрақ болса, онда Әбілғазы шежіресіндегі «Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жазды күні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, қазіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау атанады. Ал қыс түскен кезде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді» деген мәліметіне сүйену керек. Әбілғазы хан Ұлытау мен Кішітаудың мыс кенін өндіретін үлкен орталық болғанын ескертеді. Қараханның атақты Оғыз ханның әкесі екенін және олардың өмір сүрген заманы біздің пайғамбарымызға дейінгі үш мың төрт жүзінші жылдар екенін де ұлы шежіреші жазып қалдырған.
Сонымен қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер біз Бетпақдаланың ортасынан неолиттің қалың тұрағын кездестіріп жатсақ, ондай тұрақтың Түркістанның орнында болғаны сөзсіз. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрия¬ны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз. Міне, Түркістан қаласы қашан пайда болды дегенде ең алдымен еске түсетін мәселе осы.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Профессор

Leave a reply