Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: ҚАСИЕТТІ ҚАЛАНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТТІ

0
8


Облыс орталығы Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің аясында түркістандық өнерпаздардың, өнер ұжымдарының атсалысуымен Түркістан қаласының мәдени күндері іс-шаралары өтті.
Фестивалдің алғашқы күні Этноауыл аумағында ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қамтыған көріністер қала тұрғындары мен қонақтар назарына ұсынылады. Сондай-ақ, «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблі күйлерден шашу шашып, «Яссы» би ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылады. «Түркістан мұрасы» атты қылқалам, қолөнер шеберлері мен бұйымдары, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелері қойылған болатын.
Фестивальдің екінші күнінде «Түркістан халық театры» дайындаған көше театрының стилінде Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры әртістері дайындаған «Саф алтын арыстар» тақырыбында көрініс-қойылымы ұсынылды. Қойылымда биыл 130 жылдығы тойланып жатқан Түркістан тұлғасы Сұлтанбек Қожановты, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиндей марғасқаларымыздың, әдебиетіміздің алыптары мен мемлекет қайраткерлерінің тау тұлғасын сомдаған театрлық көріністің идеясы – Түркістанды Алаштың орталығына айналдырып, ту тігу, алтын қазығы ету.
Ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, спорт жампоздары арқан тарту, қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру спорт түрлерінен өзара сынға түсті. Спорттық сайыстардың қорытындысы шығып, ұлттық спортты ұлықтай білген спортшыларымыз өз дәрежесінде марапатталды. Оларды атап айтар болсақ, нәтиже төмендегідей болды.
Асық ату спорты бойынша жүлделі 1-орынды Рүстем Төледияров, 2-орынды ¬Жәмшид Мұсаев, 3-орынды Амангелді Бейбарыс қанжығаға байлады.
Ләңгі тебуден жүлделі 1-орынды Жәмшид Мұсаев, 2-орынды – Бауыржан Жүнісов, жүлделі 3-орынды Дауранов Қаһраман иеленді.
Қол күрестен жүлделі 1-орынды Жұмабек Мұратұлы, 2-орынды Қуанышбек Жорабек, жүлделі 3-орынды Бақытжан Әбду қанжығаға байлап, кубок иегерлері және қаржылай сыйлық иегері атанды.
Қазақша күрестен жүлделі 1-орынды Кәрім Асылжан, 2-орынды Қалмырза Ердаулет, 3-орынды Тұрғанәлі Қазыбек иеленді.
Арқан тартудан сайысқа түскен спорт мектептері, колледж, т.б. ұжымдардан топ жарып финалға шыққан Түркістан қаласы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан шыққан командалар да болды. Бұл сайыс бойынша нәтиже төмендегідей болды. Яғни, 1-орынды БЖСМ 5 командасы, 2-орынды БЖСМ 3 командасы, жүлделі 3-орынды БЖСМ 4 командасы қанжығаға байлады. Жалпы, барлық ұлттық спорт түрлері бойынша жеңімпаздар арнайы медальдармен, кубок және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында өтіп жатқан Түркістан қалалық мәдениеті күндер Мәдениет үйі өнерпаздары, көркем өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке жалғасты. Концерт сахнада (Батырлар бүркіт, тазы-иттерімен) сап түзеген өнерпаздар қалалық Мәдениет үйінің «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасының «Үкілі Түркістан» композициясымен басталды.
Күн сүйген шұғылалы аспанымыз,
Қашанда әнге құмар жас жанымыз.
Ән мен күй, өлең-жырды серік еткен,
Өнерпаз Түркістанның жастарымыз.
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқпа? – деп, Мағжан ақын айтқандай, алты алашқа ортақ бойтұмар ескерткіштерге біз ие болып қалдық.
Біздің әрбір ісіміз Түркістанның атына, даңқына лайық болуға бағытталуы керек. Осылайша Түркістанның өнер туын көтеріп жүрген «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасының «Үкілі Түркістан» өлкетанушыларынан сәлем! — деп, көрерменге сәлем берген өнерпаздар өнерімен басталды. «Яссы» би ансамблінің «Таңбалар» биі мен Ұлжалғас Шілдебаеваның орындауындағы «Толғау» әні көрерменге керемет көңіл-күй сыйлап, әдемі әсерге бөледі. Түркістандық мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздары әсем ән мен тәтті күйден шашу шашып, жиналған көрермен әсер сыйлады. Әсіресе, «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуінде «Ай-Дана» дуэті және Ш.Уалиханның орындауындағы «Егемен елім», Райым мен Дананың «Гүл мекенім», «Гүлмарал» тобының орындауындағы Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жер» әніне көрермен қауымның көңілін көкке көтергендей болды. Шара барысында Заттыбек Көпбосынұлы, Кеңес Әлімжан сынды өзге де эстрада жұлдыздарының және қала өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт шаһар тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кештің сәнін кіргізді.
Мерекелік концерттің мәресінде жергілікті композитор Бекжігіт Сердәлінің Түркістанымыздың әнұраны іспетті керемет ән «Түркістаным – Тұраным» әнін талантты өнерпаз Мұрат Кенжебай шырқаған кезде көкке көгершіндер ұшырылып, отшашулар жағылды. Көк күмбезді Түркістан көгінде қалықтаған әнге елтіп, әсерленіп, рухтанып қосыла шырқай жөнелді. Мәдениеттің мерейін өсіріп жүрген өнерпаздарымызға риза болған, қуана қол соққан өнерсүйер қауым қимай-қимай қоштасып, әзер тарқасты.
Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply