САУРАН: МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ
Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен “Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі” атты тақырыпта облыстық ісшара ұйымдастырылды.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, қазақта «Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі» деген сөз бар. Аудандағы Әжелер алқасымен қатар, Аналар кеңесі қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен отбасылық тәрбиені насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жатқанын атап өтті.
Түркістан облыстық ядролық Семей полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралтай Салықбаев өз сөзінде қазіргі таңда отбасымен қатар, еліміздің түрлі саласында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзік жандыларымыз қаншама?! Ұрпақ үшін ана тәрбиесінен асқан алтын қазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аймағымыздың алға ілгерілеуіне бір кісідей үлес қосып отырған, “бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді” тербететін аналарымыздың орны қашанда төр екендігін жеткізді.
Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметовтің айтуынша қазақ халқының дәстүрінде әйел – анаға, отбасы ошағының сақтаушысына, әйел – еңбекқорға деген сый – құрмет ерекше болған. Аналарымызды халқымыз әрдайым құрмет тұтып, жұмақты ана табанының астынан іздеген. Адамзат баласы ана алдында қашанда басын иеді, анаға мәңгілік қарыздар. Өйткені, ана – тіршіліктің тірегі, отбасының алтын діңгегі. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының мерейі саналады, – деп ізгі тілегін білдірді.
Ісшара барысында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттап, еңбек етіп жүрген әжелер мен аналарымызды Бақытжан Кеңесбекұлы құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапаттады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, аналарымыз біздің мақтанышымыз және сарқылмас қазынамыз, – деп жиынды қорытындылады Бақытжан Кеңесбекұлы. Қай заманда болмасын анасын ардақтап, әкесін құрметтеген қазақ халқы отбасыдағы бала тәрбиесіне көбінесе ананың рөлі көбірек септік екенін біледі, түсінеді. Сондықтан болар қазақ даласында дүниеге келген аты қазақ, жаны қазақ, жүрегі қазақ болып туған кез –келген адам ана туралы кем айтпайды. Біз де осы сәтті пайдалана отырып қазақ отбасындағы бала тәрбиесі туралы азды – көпті сөз етуді жөн көрдік.
Қай заманда, қандай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Отбасы – Адам баласының алтын діңгегі, ыстық ұясы. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, алдымен тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі болып есептеледі. Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Олай болса, тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсіп, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізеді. Міне, отбасындағы тәрбие ұлағаты да осыдан басталады.
«Ел болам десең, бесігіңді тү¬зе», дейді ұлы ақын М.Әуезов. Осы орайда еске түсетін жайт, халқымыз ежелден бала тәр¬биесіне көңіл бөлген, болмысынан бекзат, тумысынан текті халық. Осы тектіліктің түп негізінде ұр¬пақ тәрбиесі, яғни ұлттық тәр¬бие деген ұғым жатқаны ой¬ға оралады. Бұл ұғым да біз үшін аса қасиетті де қастерлі. Өйткені, біздің ұрпақтарымыз – ата салт-дәстүрмен сусындаған, осы ұлттың тәрбиесімен жетіліп, туған тілімен санасы оянған азаматтар. Халқымыздың қанында жер жүзіндегі басқа халықтарда сирек кездесетін теңдесі жоқ адалдық, кеңпейілділік, ақкө¬ңілділік, қонақжайлылық сияқ¬ты адами қасиеттер басым екен¬дігі даусыз. Ерте кезден-ақ әрбір халық балаға тәрбиені оның бесікте жатқан кезінен бастап, халықтық жырлар мен әңгіме, ертегілер арқылы бере бастаған. Олар өскен соң, қоршаған ортаның ішкі құпиясын ғылым жолымен сезініп білмесе де, жапан дала, құла түзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап бағыт алып, адаспай кете беретін болған. Жастайынан-ақ есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды табатын ізшіл де, құралайды көзге ататын мерген болған. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығы болғандықтан бала 6-7 жасынан-ақ ат құлағында ойнаған. Оқу-сызу өнеріне ма¬шықтанбаса да, бір естігенін қалт жібермей жадында сақтайтын құйма құлақ болып, есте сақтау қабілеттері аса жоғары дәрежеде дамыған. Атам қазақ ежелден тәрбие ісінде басты-басты сегіз түрлі мәселені қамтыған. Біріншіден, тәрбие басы алдымен әдептілікті үйретуді көздеп, әдептілік мәселе¬сін басты міндет етіп қойған. Екін¬шіден, мейірімді болуға тәр¬биелеген. Өйткені, мейірімді адам қашанда қайырымды болады. Үшіншіден, тіл алғыш, елгезек бол деп үйреткен. Бұл баланы еңбеккке баулудың алғашқы белгілері. Төртіншіден, адалдық пен шын¬дыққа тәрбиелеу. Бесіншіден, білгір бол, ұстаз бен ғалымның, көпті көрген данышпан қарияның сөзін тыңда, ақпа құлақ болмай, құйма құлақ бол дегенді бойларына сіңірген. Алтыншыдан, үл¬кенді, ата-ананы, сол арқылы қоршаған ортаны, айналаны сыйлауды басты міндет етіп қойған. Жетіншіден, кісі айыбын ешқашан бетіне баспа деген. Бұл кемшілікті мүлдем айтпау деген ой емес, адамға Алланың салған кемдігін айтпа деген. Сегізіншіден, «Ел намысы – ер намысы» болуы керек. Сондықтан, ел қорғаны – батыр бол, халық алдында адал қызмет ет, бойыңдағы бар талант, күш-жігеріңді халқыңа жұмса, намысшыл бол дегенді санасына сіңірген. Бұл айтылғандар бала тәр¬биесі, яғни адам тәрбиесі – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін танытады. Осыны меңзеген әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адам¬заттың қас жауы» деген сөзі¬нің астарында терең мән жатыр. Өйткені, отбасы – сол адам өмір сүрген кез келген қоғамның, мемлекеттің құрамдас бөлігі, іргетасы ретінде қарастырылған. Шындығында да ата-ана – отбасындағы әке айбыны бала тәр¬биесінде басты тұлға. Олар өз баласын тәрбиелеуде оны дербестікке, біреуге тәуелді болмауға, өз бетін¬ше күн көруге, мақсатты түрде өмір сүруге бағыттап тәрбиелейді. Бұл игілікті іс, тіпті, баланың ана құрсағында жатқан кезден бастап жүргізілуі қажет. Одан баланың дүниеге келуі, қаз-қаз басып жүруі, өсуі, өнуі, ата-бабасының өміріндегі еңбек және қоғамдық іс-әрекеттердің сан жылдардан бергі тәжірибесінен өнеге алуы, оны құрметтеуі, қоршаған ортасын танып, онымен қарым-қатынас жасауға өз бетінше дағдылануы, жақсысынан үйренуі, жаманынан жиренуі ескеріліп отырады. Мұны данышпан Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол есті¬лерден естіп, білген жақсы нәр¬се¬лер¬ді ескерсе, жаман дегеннен сақ¬танса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп түйіндейді. Қазақта «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, ал бала – жағасында жайқалып өскен құрақ» дейтін даналық сөз бар. Осы мақал арқылы халық отбасын құрайтын үш құрамдас бөлікті айрықша ескертіп отыр. Сондықтан әке – отбасының тәрбие жұмысындағы маңызды орын алатын тұғырлы тұлға. Әкенің бар бітім-болмысы, мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-білігі – баланың көз алдында күнделікті үлгі-өнеге алатын, соған қарап бой түзейтін негізгі нысанасы. Ұл демей, қыз демей отбасындағы тәрбие жұ¬мысында әкенің орны ерекше болуы тиіс. Ұлы Абай «толық адам» тәр¬биелеудегі әкенің ізгі қасиет¬тері, оның адамгершілігі, еңбек¬сүйгіштігі, отбасына, жарына деген сүйіспеншілік сезімі үй ішін нұрландырып тұрса, ері ақылды, әйелі көркем мінезді болып, тату болса, онда үй жұмаққа айналып, балалар жақсы мінезге, игі қасиет¬терге тәрбиеленетінін атайды. Хал¬қымыздың «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейтіні де сон¬дықтан. Мұны Майлықожа ақын: Жыласаң көңілі жүдеген, Қуансаң тасып үдеген. Көрігіңе кө¬ңілі өсіп, Құдайдан өмір тілеген, Атаң – қыбыла қамқорың, десе, ал ана туралы: «Тоғыз ай он күн көтерген, Еңбегіңде еті өлген. Бейнет татқан төтеннен, Зиярат қылып сыйынсаң, Кем емес анаң, қыбыла Мекеңнен», деп жыр арнаған. Шығыс поэзиясының аса көр¬некті өкілі Әлішер Науаи әкені – күнге, ананы – ай, жұлдызға балап, әспеттейді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде «әлемнің жарығын сыйлаған, даланың бар гүлін жинаған» әйел-ананың орны да орасан. Өйткені, жалпы адамзат баласының тыныс-тіршілігін, оның өсіп-өніп дамуын аналар-әйелдер қауымынсыз көзге елестету еш мүмкін емес.
Жер бетіндегі кез келген халық¬тың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірген еңбегі зор деп айтуға болады. Айталық, тарих қойнауына назар салып көрсеңіз баяғы Тұмар ханым, Роксана, Ұмай ана, Зарина, кешегі дастан-жырлардағы Гүлбаршын мен Құрт¬қа, Ақжүніс пен Назым, Қыз Жібек пен Баян сұлу, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана мен Қыз ене, таңбалы тарихымыздағы Хорезмшахтың әйгілі қайраткер анасы Түркен хатун, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абай тәрбиесін көрген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай ханым, ел билеген Айғаным, Ұлпан, Елбасымыздың анасы – Әлжан анамыз есімдері ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген. Ал, бүгінгі қоғамымыздағы қыз балаларды тәрбиелеудегі та¬лап-тілектер бұрындағыдан да жоғары. Өйткені, қазіргі кезеңде қыз балалар тек отбасы, ошақ қасында ғана емес, үй шаруасымен бірге қоғамның белсенді мүшесі ретінде күнделікті өмір¬дің сан-салаларындағы басқа да іс-әрекеттер мен қыз¬меттерді үйлесімді әрі ұтымды ұштастыра білуге әзір болуы қажет. Мұнда ең бастысы қыз баланың білімді болғаны орынды. Бұл жөнінде Қазақстан Рес¬¬публикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақ¬стан-2050» Стратегиясында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыз¬дарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары… Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет… Халқымыз «қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әр¬дайым біздің қоғамымыздың тең құқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», – деп бұл мәселеге үлкен мән бере тоқталады. Жастар тәрбиесіндегі ата-ана¬ның орны мен рөлі туралы айтқанда, халқымыз тұрмысында сан ғасырлардан бері қалыптасқан тәрбиеге қатысты ұлттық рухани құндылықтарымыздың, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің, ана тіліміз бен әдебиетіміздің, мәдениетіміз бен тарихымыздың терең тағылымын ескергеніміз абзал. Отбасындағы ата-анаға бай-ланысты айтылатын мақал-мәтелдер мен афоризм сөздердің барлығы алған тақырыбымыздың үй тәрбиесіндегі терең мәнін, айрықша маңызын аша түседі. Мәселен, «Ана тілін алмасаң – арың кетеді, әке тілін алмасаң – барың кетеді», «Әке – тірегің, ана – жүрегің», «Әке тұрғанда бала сөйлегеннен без, ана тұрғанда қыз сөйлегеннен без», «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы», «Бір бала бар жасық туады, бір бала бар әкесінен асып туады», «Әкесіз бала – панасыз балапан», «Әкеңнің төріне сенбе, маңдайыңның теріне сен», «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді», «Атадан – ұлағат, ана¬дан – инабат», «Аталар сөзі – ақылдың көзі», «Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз», «Ата салтың – халықтық қалпың», «Ата көрсеткен жолымыз бір, ана тіккен тонымыз бір», «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деген секілді тағы басқа толып жатқан қанатты сөздерді бала, жас ұрпақ отбасынан бастап естіп өскені жөн.
Баланы өмірге бейімдеуде ата-ана тәрбиесінің артында ұлт тәрбиесі, мемлекет тағдыры жатады. Осы бағытта отбасы тәрбиесімен қатар оқу орындарының, ондағы ұстаздардың ықпалы мен орны қашанда да айрықша. Ата-ана мен әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайдың нәтижесінде ғана тәлім-тәрбиедегі көргенділік пен жарасымдылық, үйлесімділік пен бірізділік орын табатын үрдіс болып шығады. Сайып келгенде, баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Бүгінгі қоғамда да жастар тәр¬биесіне деген көзқарас өте ерекше, олардың тағдыры болашақпен, қоғамның дамуымен тығыз байланысты екендігі анық. Өткен бабаларымыз бізді тәр¬биеледі, біз сол үрдісті жалғас¬ты¬рып келеміз. Ал болашақ тәр¬бие¬сі ендігі жерде жастардың қолын¬да. Ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан ұлттық тәрбиенің мәйегін мирас етіп ғасырдан-ға-сырға жалғастыру – ата салтты ұлықтағандардың еншісінде екен¬дігі ақиқат.
“АТА ЗАҢ – АСЫЛ МҰРАТТАР БАСТАУЫ”
ШАРАСЫ ӨТТІ
Сауран аудандық әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Ата заң – асыл мұраттар бастауы» атты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Жұмадуллаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек қатысып, жиналған көпшілікті Қазақстан Республикасының Конституциясының 29 жылдығымен құттықтап, Ата Заңымыздың айбары асқақтай берсін деп игі тілектерін білдірді.
1995 жылы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда Қазақстан халқы өзінің жаңа конституциясын қабылдады. Конституция – мемлекет негізінің іргетасы. Конституция бүгінде мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата заң аясында Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына серпін беріп келеді.
Мерекелік жиында әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен концерттік бағдарламасы жиналған көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге, аспазшылардың қолдарынан жасалған түрлі тағамдар, тігіншілердің құрақ көрпелері, қыз жасау және қолөнер бұйымдары, шаштаразшы қыздардың шаш үлгілері тамашаланды.
САУРАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫТАЙ ТАУАРЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
Астана қаласында ағымдағы жылдың 23-24-25-ші тамыз күндері Қытай тауарларының көрмесі өтуде. Түркістан облысының делегация құрамында Қарашық ауылдық округінің 7 кәсіпкері қатысып, келіссөздер жүргізуде. Аталмыш шараға делегация құрамын Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев арнайы бастап барды.
Сапардың негізгі мақсаты өңірге шетелдік инвестицияларды тарту және өндіріске қажетті жаңа технологиялармен танысу, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу. Сонымен бірге, екі жақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу бағытында өрбіді.
Көрме аясында Қарашық ауылдық округінің кәсіпкерлері Қытай Халық Республикасының көптеген кәсіпкерлерімен кездесіп, ұсыныстар жасап, келіссөздер жүргізуде. Шетелдік инвесторлар жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе отырып, өндіріс орындарын ашуға ниет танытып отыр. Алдағы уақытта инвесторлардың пәрменімен өндіріс орындары ашылады деп күтілуде.
Аудан үшін ғана емес, еліміз үшін маңызы бар көрме туралы мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақстан елордасындағы Astana World Expo Park халықаралық көрме орталығында ашылды. Көрме үш күнге созылды. Көрмеге барлығы 300-ге жуық қытайлық компания қатысты. Экспонаттар ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын, автомобильдер мен қосалқы бөлшектерді, аппараттық және құрылыс материалдарын, тұрмыстық тауарлар мен тұрмыстық электрониканы және т.б. қамтыды.