Thursday, November 14

ТҮРКІСТАН: ТҰҒЫРЫ БИІК МЕМЛЕКЕТТІК ТУДЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

0
21

Қазақ мемлекеттілігінің басты рәміздерінің бірі – Ту. Бұл қазақ тілінің сөздік қорына мемлекеттілік, азаматтық, жауынгерлік рухпен бірге етене енген ұғымдардың бірі. Ту – мемлекеттің ұлыстық жүйеге өткенінің нақты көрінісі, себебі ту әскери жорықтар кезінде көтеріледі және әскердің құрылымы да тудың түсіне байланысты құралады. Осы орайда түркістандықтардың назарына көк туымыздың қасиеті жайлы аз-кем мағлұматты ұсынып отырмыз.
Ту дегеніңіз көбіне үлкен матадан жасалып не найзаның басына, не арнайы бақанға байланған рәміз. Тудың сабының жоғарғы ұшына қымбат металдан жасалған бунчук бекітіледі. Тудың желегіне араб жазуымен жазылған Құран сөздері болады, бірақ сурет салына қоймайды. Оның есесіне жауынгерлік байрақтар әртүрлі болады. Байрақтарда қасиетті аңдар мен құстардың алтыннан жасалған мүсіндері, жылқының құйрығы сияқты заттар т.б. кездеседі.
Мемлекеттің туы есебінде сол кезеңде жоғары билікке ие болып, тақта отырған әулеттің туы қызмет жасайды. Қазақтың төре әулеті туралы деректердің ішінде Құрбанғали Халид шежі¬ресінде ту туралы мәліметтер молынан кездеседі. Төрелердің ту бойынша жіктелуі шамасы ерте заманнан сақталған салттардың бірі. Деректерде «Сарай хандары – қызыл, Шағатай әулеті – ақ, Үгедей әулеті – көк тумен дараланып, кейіннен бұл жағдай ұмытылған» делінеді. Жауынгерлік тудың түсі бойынша жіктелу, реттелу төрелер әулетіне қандас туыстыққа негізделген генеалогиялық жүйеден жоғары тұруға мүмкіндік береді. Қашанда ұлыстық жүйе мен генеалогиялық құрылым арасында өмір сүрген қазақ қоғамы мемлекет өміріне қауіп-қатер орнаған уақытта бір тудың астына жиналуға күш салатыны осыдан.
Қазақтың ХVІІІ ғасырдағы атақты батыр¬ла¬ры¬ның бірі Олжабай қазақ-қалмақ соғыстары¬ның кезінде бірнеше мәрте Абылайдың көк туын ұстаған, сол себепті оның үрім-бұтақтары батырдың қолының қоспасынан оқ тисе де, туды құлатпай ұстағанын мақтана айтады:
Олжабай біздің елде ту ұстаған,
Балапан тұйғын құстай құныстанған.
Қолының қоспасынан оқ үзгенде,
Табаны тұрған жерден жылыспаған.
Тудың қан майданда құлауы жаман ырым саналған. Қазақтың жауынгерлік заманында тудан бөлек «байрақ», «жалау» сияқты рәміздер де қолданылған, бірақ бұл әскери өмірдің белгілері төре мен қара арасына бірдей. Байрақты батырлар да аттың құйрығын, түсті матадан әртүрлі шашақ, өздерінің табынатын киетектерін (тотем) ағаш сапқа орнатып өздерімен бірге майданда алып жүреді. Сүйінбай ақынның «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетеді қайдағым» деген сөзінің мәнісін жаугершілік кезінде майдан даласында жаумен жағаласқан адам ғана түсінеді. Егер ту Тәңірінің өзіне жол ашса, байрақ – жауынгер ру қауымдарының қасиетті киетектерін көмекке шақыратын байланыс құралы.
Ұлттық рәміздеріміздің бірі – тудың тарихы тереңде жатыр. Көк Туымыздың қастерлі екенін ұрпаққа жеткізу де біздің міндет. Байрағымызды тек жоғары ұстап, бейбіт аспанда қалықтатайық!
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
Археология және этнология кафедрасының профессоры,
тарих ғылымдарының докторы.

Leave a reply