ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮР – САН ҒАСЫРЛЫҚ САФ МҰРА
Ең алдымен «дәстүр» ұғымының басын ашып алайық. «Дәстүр» – иран-парсы тілінен кезінде қазақ тіліне енген сөз. Ол латын тіліндегі «традиция» сөзіне, қазақтың «салт» деген сөзіне баламалас. Бұл сөздердің мағынасы біркелкі – ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға беріліп отыратын өмір сүру құндылықтары, қағидаттары, қалыптары, ережелері, яғни бұрынғылардың кейінгілерге, олардың «еншісі» (арапша «мирас») ретінде, беретін күнделікті тіршілікте қолданатын өнегелілік, тәрбиелік, рухани маңызға ие игілікті де ізгілікті дүниетанымдық ойлары, сөздері және іс-әрекеттері. Қазақтың «салт-дәстүр» деген сөзі осы жерден келіп шығады.
Қазақтың «салт», иран-парсының «дәстүр» сөздері кезінде тілімізге енген араптың «әдет», «ғұрып» сөздерімен де мағыналас. Бұл сөздердің мағынасы – өмірде ылғи қайталанып отырғандықтан тұрақтанып қалыптасқан, бойға біткен күнделікті де үйреншікті қылық пен бейімділік.
Сонымен қатар «салт-дәстүр», «әдет-ғұрып» дегеніміз күнделікті де үйреншікті нәрсеге айналған жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық (қауымдастық) тәртіп, реттеуші ереже мен іс-әрекет. Бірақ елде, халық арасында қалыптасқан «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрыпқа» сәйкес те, сәйкес емес те ниет пен пиғыл, ой мен сөз, мінез-құлық, іс-әрекет болуы әбден мүмкін. Сондықтан да «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тәмсілді еш естен шығармаған жөн. Олай болса, қайсыбір жеке адам, қауым, тіпті тұтас бір ел (мемлекет) өз тіршілігіне салт-дәстүрдің негізінен озығын алып жатса, ал өзгелері оның тозығын алуы ықтимал. Өкініштісі, солай болып та жатыр соңғы кездері.
Осыған байланысты бүгінгі күні және болашақта Қазақ елінің және қазақ халқының алдында тұрған ізгілікті мұраты – ықылым заманнан бері өзінің өміршең де жасампаз қасиетін еш жоғалтпай халқымызға қалтқысыз қызметін жасап келе жатқан барша озық игі салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы ретінде жаңа тарихи ахуалды ескере отыра басшылыққа алу, оларды еліміздің, халқымыздың, әрбір отбасы мен жеке пенденің жарқын болашағы үшін орынды да қисынды, оңтайлы да тиімді қолдана білу, тіпті мүмкіндігінше, «адамның адамилығын арттыру» бағытында жаңғырта білу. Міне, осылай болған жағдайда ғана соңғы кездегі ел-халқымыздың алдында тұрған «Рухани жаңғыру» жолындағы мақсат-міндетімізді осы жерде қарастырып жатқан салт-дәстүрімізбен тығыз байланыста екендігіне көзіміз жетеді.
Ал енді қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр тәрбиесінің қыр-сырына, оның түйткілді мәселелеріне кеңірек тоқталайық. Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі сонау ежелгі Сақ, Ғұн, Тұран дәуірінен, кейінірек Түркі заманынан бастау алып, одан беріректе Алты Алаш, оның ішінде Қазақ хандығы орныққаннан бері қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін амен-есен жетті. Оны «мың өліп, мың тірілген» ата-бабаларымыз біліп те, бойына сіңіріп те келді, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе де білді.
Дегенмен халқымыздың игі салт-дәстүрін бүгінгі және болашақ замандарда тіршілік етуіміздің рухани-өнегелілік іргетасына айналдыруға келгенде алдымыздан бірнеше күрделі мәселе кес-кестейді. Олар негізінен мыналар:
Біріншісі – бай салт-дәстүріміздің бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде, жазбаша нұсқада толық жинақталмағаны. Дегенмен бұл бағытта алдымен Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген екі томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» (Жауапты ред. С.Е.Әжіғали. Алматы, Арыс, 2005, 2006) атты ғылыми еңбекті айту ләзім. Одан кейін «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» (Алматы, «Өнер», 2011.) деген атпен шыққан бес кітаптан тұратын басылылымды ауыз толтырып айтуға болады. Реті келгенде осы жинақтың құрастырушы-авторлары Айып Нүсіпоқасұлы мен Әкімбай Жапарұлына деген шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар бес томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты әмбебап энциклопедияны (Бас редакторы Н.Әлімбай. Алматы: 2011-2014) атап өту қажет-ақ. Алайда, бұл бағыттағы жасалынбақ жүйелі де кешенді жұмыс әлі алдымызда.
Екіншісі – қазақ халқының қазіргі күнделікті өмір-тіршілігіне өзге елдер мен халықтардың, әсіресе Батыс елдердің, соңғы кездердегі бейадами сипаттағы мазмұны тұрпайы да таяз, сырты жылтыр да жалаң, алдамшы да жасанды, ел мен халықты іштей ірітуге бағытталған бейөнегелі-бейрухани батыстық-модернистік (батыстық-постмодернистік) кереғар «құндылықтары» мен салт-дәстүрлерінің, «жаңашыл» әдет-ғұрыптарының ендеп кіріп кеткендігі. Олай болса, үлкен-кішіге осы бағыттағы «ақ пен қараны», «жақсы мен жаманды», «озық пен тозықты» ажырату ісінің маңыздылығын баса айту өте қажет-ақ.
Үшіншісі – «қазақ десе – өзімізге тиедінің» керімен көптеген «аты қазақ» қандастарымыздың ұлттық салт-санамызға, әдет-ғұрып, дәстүрімізге мән бермей енжар қарауы, «от басы, ошақ қасы» аясында бала тәрбиесінде оларды негізге алмауы жүрегімізді сыздатып, жанымызды жаралап, жүйкемізді тоздырып, көңілімізге қаяу түсіреді. Бұл жерде «осылай кете берсек, ертеңгі күніміз не болар екен», «қазақ болып қала алар ма екенбіз» деген сұрақтар көкейімізден кетпей-ақ қояды. Осыдан келіп «не істеп, не қою керек» деген сауал амалсыз мазалайды.
Төртіншісі – мемлекетіміздің ресми тәрбие-білім беру ошақтарында балалар мен жасөспірімдерге жүйелі түрде салт-дәстүрімізге негізделген ұлттық тәрбие берілмеуі, яғни сол ұйымдар мен ұжымдарда ұлттық тәрбиенің жалпы тәрбие жүйесінің «күретамыры» екендігінің ескерілмеуі. Осы жерде тәрбиенің негізгі үш түрге, яғни халықтық (этнотәрбие), діни және кәсіби болып бөлінетіндігін тағы да еске салған жөн. Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық тәрбиесінің бір ерекшелігі, ол өзіне тәңіршілдік және дәстүрлі исламдық құндылықтарды табиғи да үйлесімді түрде сіңіре білуі. Бұл қағидат – соңғы кездері надандықтың салдарынан қайсыбіреулердің «қазақ халқы бірыңғай не тәңіршілдікті, не исламдықты ұстануы керек» деген қасаң да кереғар пікіріне тойтарыс берерлік тұжырым. Осы жерден елімізде өскелең жастарға тәлім-тәрбие беру мекемелерінде шынайы «қазақылыққа» (қазақымайлық емес) басымдық беру қажет деген қорытынды туындайды.
Бесіншісі – Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастап, барлық заңнамалық-құқықтық құжаттарда (кодекстер, заңдар, жарғылар) қоғамдық қатынастарды реттеу тетіктері ретінде халқымыздың салт-дәстүріне негізделген құндылықтары мен қағидаттарының лайықты түрде ескерілмеуі. Нақтырақ айтсақ, қазақ халқының көпғасырлық руханияттық, өнегелілік, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық құндылықтарының күретамырына балта шабатын кейбір заңдар, оның ішінде әсіресе соңғы кезде бүкіл ел аясында үлкен дау-дамай тудырған, көпке дейін жариясыз түрде қарастырылған, бірақ халықтың бала тәрбиесінің құндылықтарын қызғыштай қорғаған ел белсенділерінің арқасында қайтарылып алынған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» атты заң жобасын айрықша атап өту қажет. Бұл жерде әңгіме мемлекетіміздің соңғы отыз жылдық «егемендік» тарихында өзінің заңнамалық тәжірибесінде шетелдік үлгілерге айрықша мән беріп, халқымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы», Абай Құнанбайұлының «Шар ережесі» сынды шынайы Ата Заңымыздың отандық заңнамалық жүйені жарақтау ісінде қолданылмай, оларды тәрк етуі туралы болып отыр.
Аталған мұрат-мақсат-міндетімізді орындауға келгенде бірнеше іргелі де бұлжытпас қағидаттарды басшылыққа алған орынды. Алдымен бұл жерде былтыр 175 жылдығы салтанатты түрде өткізілген хакім Абайдың халқымыздың салт-дәстүріне қатысты «озық» та «тозық» жақтарына, яғни оның «тозығынан қашық, озығына асық» болуға арналған, әсіресе өскелең жастарға адамгершілік тәрбие беру мен көркем мінез-құлық егудің кодексі іспеттес өлеңін тағы да алға тартпақпын:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол –
Адам болам десеңіз.
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Бес дұшпаныңыз білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз».
Иә, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан барша игі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ізгілікті іс-әрекеті мен өнегелі мінез-құлқын әрқайсысымыздың асыл құндылығымыз бен асқақ мұратымызға айналдыру ісі халқымыздың әрбір өкіліне ол жарық дүниеге шыр етіп келгеннен бастап ұлттық (ата-ананың от басы, ошақ қасы) тәрбие беру арқылы егілетіні бесенеден белгілі. Бұл туралы былтыр елімізде 1150 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өткен әлемнің Аристотельден кейінгі «Екінші ұстазы» деген теңдессіз атаққа ие болған Әбу Наср әл-Фараби бабамыздың мына бір даналық сөзін дүйім ұстаздар қауымы естіп-білсе де, ата-аналарға бұлжытпас қағидат ретінде тағы да еске салғым келеді: «Адамға алдымен білім бермес бұрын, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ол түптің түбінде оны апатқа алып келеді».