Воскресенье, 20 апреля

Түркістан облысында 5 тәулікте 424 жасөспірім полицияға жеткізілді

0
28
Түркістан облысында өткізіліп жатқан «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының бес тәулігінде полицияға 424 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Оларға қатысты 415 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, шара көрілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Мұхтар Туғанбаев мәлімдеді.
Мәселен балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 29 ата-ана жауапқа тартылды. Түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың болуына жол берген 18 кәсіпкерге айыппұл салынды. Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болған 32 жасөспірім анықталды. Ал сағат 23:00-ден кейін тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 302 жасөспірімнің ата-анасына ескерту берілді.
Профилактикалық есепке 29 кәмелетке толмаған мен ата-ана міндетін орындамаған 22 ата-ана қойылды. Жалпы 2025 жылдың 3 айында жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 27,8%-ға төмендеген. Білім беру мекемелерінде әлімжеттіліктің алдын алу мақсатында анонимді сауалнама алынды.
Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру үшін лекциялар оқылып, бейнероликтер көрсетілді. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу – жүйелі тәсілді қажет ететін маңызды мәселе. Бұл бағытта полиция, ата-ана, мектеп пен қоғамды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Leave a reply