Воскресенье, 20 апреля

ТҮРКІСТАН: «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ТУРАЛЫ АҚСАҚАЛ ТАҒЫЛЫМЫ» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ ӨТТІ

0
25
Түркістан қаласы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» республикалық тақырыптық күнін өткізу тұжырымдамасы аясында «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов модераторлық етті.
Тағылымды кездесуге Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, облыстық ҚХА құрылымдарының төрағалары мен мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушылары, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің облыстық өкілдігінің мүшелері, белсенді жастар, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Исаұлы басқосудың негізгі мақсаты қоғамда бейбітшілік пен бірлік, достық пен келісім құндылықтары туралы түсінік қалыптастыру, ақсақалдардың даналығы мен тағылымы арқылы қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту екенін атап өтті.
– Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін, бақытымызды баянды ететін ол – ел бірлігі, қоғамдағы келісім, халқымыздың өзара татулығы, бір-біріне деген құрметі. Дана бабаларымыз «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген екен. Сондықтан қоғамдағы шиеленістердің алдын алу жолдарының бірден-бір жолы – ата-баба дәстүрін жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Сол арқылы жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңестерінің негізгі міндеттерінің бірі, — деді облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
«Дөңгелек үстел» барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Әлия Нысанбаева, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Маулют Вейсалов ел бірлігін қамтамасыз етудегі ақсақалдардың рөліне тоқталып, мазмұнды ойларымен бөлісті.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын айтты.

Leave a reply