КЕНТАУДА ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бірі – Кентау қаласы, Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі. Нысан 300 көрерменге шақталған. Жалпы алаңы 0,7 гектар аумақты құрайды. Бүгінде 2 қабаттан тұратын ғимараттың жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Құрылыс жұмыстарына «РСУ-1» ЖШС мердігер компаниясы жауапты. Биыл нысанның жұмысына 793 млн. тенге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта нысан қабаттарында монолит құю, бетондау жұмыстары аяқталған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған нысанның құрылысы жыл соңында немесе 2026 жылы аяқталады деп күтіліп отыр. Кентау қаласы индустриалдық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және инфрақұртжүйені жетілдіру арқылы тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жолында маңызды қадамдар жасауда.
Кентау қаласы – индустрияға негізделген дамушы орталық ретінде танылып, инвестициялық мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қаланың экономикалық өсуінде өнеркәсіптің үлесі басым, инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда, әлеуметтік әлеует күшейтілуде. Қаланың экономикалық негізі – машина жасау, тау-кен және металлургия салалары: Трансформатор зауыты, Экскаватор зауыты, “Оңтүстік түстіметалл” ЖШС секілді ірі кәсіпорындар жұмыс істейді; өнеркәсіп өнімінің үлесі – 55 %; оның ішінде түсті металлургия – 28,8 %, электр-қондырғылар – 28,5 %, машинажасау – 11,9 %
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Жобадағы кемшіліктерді түзеуді міндеттеді. Аралау барысында облыс әкімі Қарнақ елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Бірінші кезеңде 1500 бас ірі қара етін өндіретін кәсіпорында 2-кезеңде қуаттылығын 5 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Мұнда 25 адамдық жұмыс орны құрылады. Жоба құны – 1 млрд. теңге. Бордақылау алаңы 31 гектар аумақта орналасқан. Өнім ішкі нарыққа бағытталады және шетелге экспортталады деп күтіліп отыр. Аралау барысында облыс әкіміне Қарнақ ауылында ашылатын шағын өндірістік парктің жобасы да таныстырылды.
Қалада 43 га жерде индустриялық аймақ орналасқан. Бүгінгі таңға 7 жоба іске асырылған. Биыл үш жоба іске қосылмақ. Өңір басшысы Кентау индустриалды аймағында орналасқан «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Сондай-ақ мұнда құбыр өндірісінен бөлек кірпіш зауытының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Цехта жалпы саны 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Биыл Кентау қаласында жалпы 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба толық іске қосылса, 492 жаңа жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 тұрақты жұмыс көзі ашылады деп күтілуде. Ондағы 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жұмыспен қамту, өңірдің өндіріс көлемін арттыра отырып, экономикалық дамыған аймаққа айналу. Сонымен бірге «TURAN SHENHUA» ЖШС газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы жоспарда бар. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында аяқталады, жобалық-сметалық құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарының өндірісі қолға алынады. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Жалпы өңірде метал құрылымдарының өндірісі даму үстінде. Оған дәлел, экономикалық аймақта тағы бір метал құрылымдарын өндіретін «Сапар Құрылыс-С»ЖК цехының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 400 млн.теңгені құрайды.
Айта кетейік, 6 айда Кентауда жалпы өнім көлемі 41,2 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5% өсім деңгейінде болды. 2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен қалалық бюджет 9,4 млрд. теңгені құрады. Жеке табыстар жоспары 2,1 млрд. теңге болса, орындалуы – 2,4 млрд теңге немесе 111,6%. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің жоспары 11,4 млрд.теңге болса, нақты орындалуы 12,3 млрд. теңгені құрап, өсімге қол жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда 3,2 млрд. теңгеге өскен.













