Халық үніне құлақ асатын мемлекет: Шымкентте инфрақұрылымдық даму қарқын алды

Шымкент қаласында тұрғындардың талап-тілегін орындау, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүйелі іске асуда. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – қаладағы жаңа тұрғын алаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Жуырда «Жұлдыз» (Жаңақұрылыс) және «Жалын» шағын аудандарына табиғи газ берілді. Бұл бастама тұрғындардың тікелей өтінішінен туындаған еді. Өткен жылдың тамыз айында қала халқымен өткен кездесуде азаматтар газ мәселесін көтерген болатын. Сол сәттен бастап жобалық жұмыстар қолға алынып, нәтижесінде бүгінгі күні «Жұлдыз» шағын ауданындағы 834 абонент және «Жалын» шағын ауданындағы 566 үй көгілдір отынға қосылды.
Жалпы, 33 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, екі шағын аудан толықтай экологиялық әрі тиімді отын түрімен қамтылды. Бұл – халықтың тұрмысын жеңілдетіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Мемлекет ең алдымен азаматтарының сұранысына жедел жауап беріп, күнделікті өмірін жақсартуға жағдай жасауға міндетті» деген болатын. Шымкентте жүзеге асқан бұл игі іс – осы сөздің айқын дәлелі.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те бұл жобаның маңыздылығына тоқталып:
«Инженерлік инфрақұрылым – қаланың дамуының тірегі. Газ, су, электр энергиясы мен жол – халықтың ең басты қажеттілігі. Біз тұрғындардың ұсынысын басты назарда ұстаймыз. Әрбір елді мекенді кезең-кезеңімен инфрақұрылыммен қамтып, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру – біздің ортақ міндетіміз», – деп атап өтті.
Тұрғындар көптен күткен қуанышты жаңалықпен құттықтап, жобаны сапалы әрі мерзімінде аяқтаған мердігер компанияларға ризашылық білдірді. Енді көгілдір отынға қосылу үшін тұрғындар техникалық шарт алу жөнінде өтінішті «eGov Mobile» қосымшасы арқылы немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы оңай рәсімдей алады.
Бұл бастама – халықтың өтінішін дер кезінде ескерудің және билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың жарқын үлгісі. Шымкенттегі инфрақұрылымдық даму алдағы уақытта да жалғасып, қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.












