САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ, АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
31

Сайрам ауданында қоғам қауіпсіздігі, отбасы амандығы, ана мен бала саулығын тұрақтандыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, дөңгелек үстелдер өтіп келеді. Қоғамдағы өзекті  мәселеге қатысты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті жұмыс жиыны өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен суцидтің алдын алу мәселелері қаралған жиында, облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты атқаратын маңызды жұмыс бағыты зерделеніп, бірқатар ұсыныстар бойынша шешімдер қабылданды. Отырыс барысында Түркістан қаласы мен Сарыағаш және Сайрам ауданынан келген жергілікті билік өкілдері осы тақырып аясында аймақтағы ахуалмен қалай күрес жүргізіп жатқанын, алдын алу жұмыстарының деңгейін баяндады. Кеңес мүшелері тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік пен суцидтің алдын алу мәселелері бойынша қызу пікірталас өрбіді. Бірқатар мәселелердің шешімі бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова 2017 жылы Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, гендерлік зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылықтың құрбандарымен, абьюзерлермен жұмыс жасауда ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметтері құрылғанын түсіндіріп өтті. Гендерлік, зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтар үшін Келес ауданы мен Түркістан қаласында уақытша болу баспаналар ашылғанын айтты. Бүгінде облысымызда барлық аудан, қалаларда 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.

Қазақстанның «Қызыл-ай» қоғамы Түркістан облыстық филиалының басшысы, «Көмек» Дағдарыс орталығының басшысы, Түркістан облыстық отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Малика Жүсіпова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарына үңіліп, көмек сұрап келушілермен терең түсінісу арқылы мәселені дұрыс шешу жолдарына үңілу қажеттігіне тоқталды. Орталық тәжірибесімен бөлісіп, бірнеше мысал келтірді.

Соның ішінде Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі ана мен балаға арналған қолдау қызметтерін ұсынатыны баяндалды. Әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы және толық емес отбасыларға қолдау көрсету, соның ішінде аналарға кеңес беру, әлеуметтік бейімдеу, онлайн құжат ресімдеу,  шұғыл әлеуметтік көмек, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жәрдем көрсету, бейімдеу жұмыстарын жүргізетін орталық әлеуметтік оңалту, мүліктік және азаматтық құқықтарды қалпына келтіру, жергілікті органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді.

 

Leave a reply