
Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ежелден ең басты тұғырды иеленген.
Отбасындағы құндылық, оның рөлі, мемлекетті құраушы азаматтардың әлеуметтік жағдайын бақылау, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша былтыр Президенттің бастамасымен әйелдердің құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң нақты шараларды енгізуге жол ашты. Заң аясында әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Нәтижесінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы әрекет ету жүйелі сипат алды және алғашқы оң нәтижелер байқала бастады.
Осы заң негізінде республика бойынша «Отбасын қолдау орталықтары» көптеп ашылды.
Түркістан облысында қазіргі таңда 17 орталық жұмыс істеуде.
Мәселен, Сайрам ауданында орналасқан «Отбасын қолдау орталығы» мекемесі 2024 жылы ашылған. Аталған орталық қарқынды жұмыс атқарып, күнделікті мектеп оқушылары, ұстаздар, колледж студенттері және жергілікті мекеме ұжымдары арасында семинар-тренингтер, кездесулерді ұйымдастыруды қолға алған.
Қазан айының ішінде №47 жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен маңызды кездесу өткізген орталық мамандары «Жас ұрпақ – біздің болашағымыз», «Суицидтің алдын алу», «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шарада оқушыларға өмірдің маңыздылығы, қиын жағдайда көмек сұраудың жолдары, зорлық-зомбылықтан қорғану тәсілдері түсіндірілді.
Ашық диалог түрінде өткен кездесу барысында жасөспірімдер өз сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды. Мұндай шаралар балалардың психологиялық саулығын нығайтуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ оқушылар мен ұстаздар арасындағы жас ерекшелігін ескерген орталық мамандары аталған мектептің ұстаздарына жеке семинар-тренинг өткізд. Іс-шара барысында ұстаздармен кәсіби қарым-қатынас, бала тәрбиесіндегі мұғалімнің рөлі және ата-анамен тиімді байланыс орнату тақырыптары талқыланды.
Практикалық тапсырмалар мен топтық жұмыстар арқылы ұстаздар жаңа идеялармен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Мұндай кездесулер педагогтердің кәсіби дамуына және мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Нәтижесінде әдістемелік және ақпараттық-ағартушылық іс-шаралары білім беру мекемелерінде жоғарғы сынып оқушылары арасында буллингтің, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша медицина қызметкерлерімен (гинеколог мамандармен) бірігіп 20 кездесу және 21 психологиялық-мотивациялық тренинг өткізілді. Сонымен қатар, ата-аналармен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және оның алдын-алу мақсатында 11 жиналыс ұйымдастырылған.
Сонымен қатар отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Аналар күні» мерекесіне орай «Ана Fest» – іс-шарасы және Әкелер күні мерекесіне орай ӘКЕ АСҚАР ТАУЫМ атты жалғызбасты әкелер арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.













