Кентауда субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тәртібі түсіндірілді

0
38

Кентау қалалық Мансап орталығының директоры Нұркен Бекбаев жергілікті жұмыс берушілермен кездесу өткізіп, Электрондық еңбек биржасы арқылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тәртібін жан-жақты түсіндірді. Кездесудің негізгі мақсаты – жұмыс берушілердің мүмкіндіктерін нақтылап, еңбек нарығында тиімді әрі әділ жүйе қалыптастыруға бағытталды.

Нұркен Бекбаевтың айтуынша, жұмыс берушілер субсидияланатын жұмыс орындарына өтінімдерді өздерінің қызметкерлерінің тізімдік санының 10 пайызы мөлшерінде ғана бере алады. Бұл ретте штаттық кестесінде 1-ден 9-ға дейін қызметкері бар мекемелер субсидияланатын жұмыс орындарының әрбір түрі бойынша тек бір адамға ғана өтінім бере алады.

Мұндай талап еңбек нарығында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және жұмыс орындарын әділ бөлуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл механизм мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тартуға және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге ықпал етпек.

Кездесу барысында жұмыс берушілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, субсидияланатын жұмыс орындарын ашу үшін қажетті қадамдар мен рәсімдер туралы толық ақпарат алды. Мансап орталығы тарапынан қолдау көрсету мен кеңес беру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Бұл бастама өңірдегі еңбек нарығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты жұмыспен қамтудың сапалы деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Leave a reply