Мемлекеттік қолдаудың жемісі

0
25

Мемлекеттік қайтарымсыз грант бағдарламасы аясында өз жобасын сәтті қорғаған Үтепбаев Жанболат бүгінде Кентаудың табысты кәсіпкерлерінің біріне айналды. Ол ұсынған «Жиһаз өндірісі» жобасы комиссия тарапынан жоғары бағаланып, грант иегері атанды. Берілген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған жас кәсіпкер бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп, сапалы жиһаз өнімдерін нарыққа шығарып отыр.

Жанболаттың айтуынша, мемлекеттік қолдау — үлкен мүмкіндік пен сенімнің белгісі. «Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау – алға ұмтылуға зор мотивация. Еңбек еткен адамға мүмкіндік әрқашан бар. Ең бастысы — талпыныс пен табандылық», – дейді ол.

Бастапқыда шағын шеберханада жұмыс істеген кәсіпкер бүгінде өз ісін кеңейтіп, заманауи технологиялар арқылы түрлі жиһаз түрлерін өндіруде. Тұтынушылардың сұранысына сай сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну – оның басты қағидаты. Сонымен қатар ол жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Жанболаттың табыс тарихы — еңбек пен жігердің нақты дәлелі. Ол өз ісімен жастарға үлгі болып, кәсіпкерліктің мүмкіндігі мол екендігін көрсетуде. Осындай еңбекқор азаматтардың табысы — ел дамуы мен өркендеуінің кепілі.

Мемлекеттік грант бағдарламалары көптеген азаматтарға өз арманындағы істі жүзеге асыруға жол ашып отыр. Бұл бастама алдағы уақытта да кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының көбеюіне ықпал ететіні сөзсіз.

Leave a reply