
Қазақстанда отбасы саясаты гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге де бағытталған. Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, аналарға ыңғайлы еңбек жағдайларын жасау мәселелері мемлекеттік деңгейде қарастырылуда. Сонымен қатар, отбасы құқығын қорғау мақсатында заңнамалық шаралар қабылданып, некені тіркеу, алимент өндіру және ажырасу кезіндегі құқықтық мәселелер реттелуде.
Бұл салада мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік жобалар мен заңнамалық өзгерістер арқылы кешенді жұмыстар жүргізілуде. Болашақта отбасы саясатын одан әрі жетілдіру қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болмақ.
Әлемде қазіргі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырған – бұл жасөспірімдердің, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы. Балалар мектепте, қоғамдық мекемелерде, тіпті өз үйінде де күнделікті қатыгездікпен және зорлық-зомбылыққа ұшырауы туралы әлеуметтік желілер мен БАҚ-да жиі жазылуда. Баланың болашақта қандай азамат болуы оның мектепте, отбасында қоршаған ортада алған тәрбиесіне байланысты. Балалар да, ересектер сияқты сыйлау, қол тигізбеу және адамзаттық абыройын сақтау құқықтарына ие, сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы мен Азаматтық саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы көзделген заң тарапынан да тең қорғау көрсетілуіне құқылы. Қоғам болып балалар құқығын қорғау – бүгінгі күннің басты талабы.
Осы орайда, балалардың болашағын ойлаған Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» мамандары Қайнарбұлақ ауылы №52 Өзтүрік жалпы білім беретін мектебінің оқушыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында мамандар мен жастар арасында «Ерте жүктілік», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» және «Буллингтің алдын алу» тақырыптары талқыланды.
Мамандар жасөспірімдерге өз денсаулығын қорғау, жеке шекараны сақтау, келеңсіз жайғдай орын алған жағдайда сенім телефонына хабарласу немесе отбасындағы, мектептегі жақын адамына хабарласу, достық пен өзара құрметтің маңыздылығы туралы түсіндіріп, өмірлік маңызды кеңестер берді.
Осындай тәрбиелік іс-шаралар жас ұрпақтың саналы, жауапты, өз құқығын білетін азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосады.
Атап өтейік, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Сайрам ауданында арнайы сенім телефондары, дағдарыс орталықтары, жедел көмек көрсету қызметтері жұмыс істейді.
Полиция, әлеуметтік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдар бірлесе отырып, зорлық-зомбылық фактілеріне жедел әрекет ету жүйесі жолға қойылған. Жыл сайын әйелдер мен қыздарға қарсы зорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық акциялар мен науқандар өткізілуде.













