
Демографиялық саясат – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі. Әрбір ел үшін демографиялық ахуал өзінің тарихи жағдайына, әлеуметтік құрылымына, мәдени құндылықтарына байланысты қалыптасады. Сол себепті демографиялық саясатты жүргізу барысында жалпыға ортақ әмбебап үлгі жоқ, әр мемлекет өз халқының ерекшелігіне сәйкес шешім қабылдайды. Дегенмен оның негізгі мақсаты – халықтың табиғи өсімін тұрақты деңгейде қамтамасыз ету, өлім-жітімді азайту, көші-қон процесін реттеу, жас ұрпақтың дені сау, білімді әрі бәсекеге қабілетті болып өсуіне жағдай жасау. Қазақстан үшін демографиялық саясаттың өзектілігі ерекше.
Әлеуметтік инфрақұрылымды – тұрғын үй санын көбейту, білім беруді, денсаулық сақтауды, мәдениетті, спортты және басқа да осындай жүйелерді дамыту еліміздегі демографиялық жағдайды жақсартатыны сөзсіз.
Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Түркістан өңірінде бұл тұрғыда жұмыс жанданып келеді. Мәселен, Сайрам ауданының Қарасу ауылында жаңа шағын ауданның капсуласын салу рәсімі болды. Жалпы ауданы 60 га жаңа қалашықта 2300 пәтерге арналған 47 көпқабатты тұрғын үй салынып, 12 мыңға жуық ауыл тұрғыны қоныстандырылады. Бұл өз кезегінде тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың баспана мәселесін оң шешуге сеп болмақ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс жоспарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
«Бүгін біз Сайрам ауданын дамыту бойынша өте маңызды бастаманың куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Осы тапсырма аясында облысымызда халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған нақты жобалар іске асырылуда. Сайрам ауданында 63 мыңнан астам азамат жер учаскесін алуға, төрт мыңнан астамы тұрғын үй алуға кезекте тұр. Бүгін Қарасуда 57 гектар жаңа тұрғын ауданының құрылысы басталады. Бұл жоба тұрғын үй тапшылығын шешуге және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Жаңа шағын ауданда әлеуметтік нысандар салынады. Тұрғын үй халықтың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші болып табылады. Әрбір әкімнің міндеті -мұқтаждарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, олардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту, азаматтардың әлеуметтік әлеуетін арттыру. Сондықтан біз бұл жұмысқа бар күшімізді салуымыз керек»,–деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа шағын ауданда әкімшілік ғимарат, 600 орындық заманауи мектеп, 280 орындық балабақша, ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, мәдениет үйі мен Жастар сарайы салынады. Сайрам ауданында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 4206 азамат тіркелген. Ауыл тұрғындары мұқтаж жандарға қамқорлық көрсеткені үшін аймақ басшылығына алғыстарын білдірді. Облыс әкімі өңірді дамыту үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын атап өтіп, азаматтарды тұрғылықты жерлерінің тазалығын сақтауға және өз кенттерін көгалдандыруға шақырды.













