
Сондай-ақ, аталған шарада «Кейс-менеджмент және психокоррекциялық жұмыс», «Қауіпсіздік және кәсіби күйзелістің алдын алу» тақырыбы да талқыланды.
Астана қаласында әлеуметтік сала мамандарына арналған кешенді оқыту тренингтері өтті. Іс-шараның мақсаты – отбасылық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, дағдарыс жағдайындағы отбасылармен тиімді жұмыс жүргізу, сондай-ақ мамандардың кәсіби күйзелісінің (эмоциялық түгесу) алдын алу бойынша практикалық білім мен дағдыларды нығайту.
Тренинг үш негізгі бағытта ұйымдастырылды:
- «Гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және өзара іс-қимыл» – қатысушыларға зорлық-зомбылық жағдайларын ерте анықтау, тиісті қызметтермен өзара әрекеттесу және жәбірленушілерге кешенді көмек көрсету алгоритмдері таныстырылды.
- «Кейс-менеджмент және психокоррекциялық жұмыс» – әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар нақты жағдайлар (кейс) арқылы талдау жасап, тиімді араласу стратегияларын үйренді.
- «Қауіпсіздік және кәсіби күйзелістің алдын алу» – мамандар өздерінің ішкі ресурстарын сақтау, күйзеліс жағдайларын басқару, кәсіби мотивацияны арттыру жолдарын меңгерді.
Оқыту бағдарламасы теориялық және практикалық модульдерден тұрды. Қатысушылар тренинг барысында интерактивті тапсырмалар орындап, тәжірибелік мысалдармен бөлісті, пікірталастар мен топтық жаттығуларға белсенді қатысты.
Нәтижесінде мамандардың 95%-ы тренинг мазмұнын жоғары бағалап, қатысушылар өз қызметінде жаңа тәсілдерді қолдануға дайын екенін атап өтті.
Тренинг нәтижесінде әр өңірде кейс-менеджмент пен психологиялық көмек сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.
Іс-шара әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби құзыретін күшейтіп, зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болды
Іс-шара «QOLDAU Hub» жобалық кеңсесінің әдістемелік сүйемелдеуімен ұйымдастырылып, отбасыларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталды.













