Еңбегі еленген, шәкіртімен мерейі үстем ұстаз

0
15

Табылдиева Айжан Темірханқызы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, білім жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан абзал жан. 1967 жылы дүниеге келген ол бала кезінен ұстаз болуды армандап, сол арманын өмірлік мақсатқа айналдырды. 1989 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының тарих және педагогика мамандығын тәмамдап, жас маман ретінде мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап шәкірт жүрегіне білімнің шырағын жағуға кірісті.

Бүгінде Айжан апайдың еңбек өтілі – 36 жыл. Бұл жылдар ішінде ол мыңдаған оқушыға тарих ғылымының қадір-қасиетін сездіріп, өткенді танып, болашаққа бағыт алуға үйретті. Оның сабағы – құрғақ деректер мен даталар емес, ол – шәкіртті ойлантатын, ел мен жердің тағдырын сезіндіретін, рухын оятатын шынайы әңгіме.

Ұстаздық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін» орденінің, Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен алғыс хаттарының иегері. Сондай-ақ, білім беру ісіндегі айрықша табысы үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттар – оның кәсібіне адалдығының, ұрпақ тәрбиесіне деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі.

Соңғы бес жылдағы жетістіктері де аз емес. Қала әкімінің «Құрмет грамотасы», мәслихаттың, білім басқармасының және «Дарын» орталығының алғыс хаттары – оның еңбегіне деген қоғамның ықыласын көрсетеді. Ал кәсіподақ ұйымының «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі – адалдық пен табандылықтың нағыз белгісі.

Айжан апайдың шәкірттері де ұстаз еңбегін абыроймен ақтап жүр. Қалалық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орын алып, күміс медаль иеленген шәкірттері – оның еңбегінің жемісі. «Менің кіші Отаным» байқауында топ жарған жас тарихшылар – ұстаз берген бағыттың дұрыстығын дәлелдеді.

Айжан апайдың өмір жолы – нағыз ұстаздың жолы. Ол әр шәкіртіне сенеді, олардың қабілетін аша біледі, еңбегімен дем береді. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік – оның өмірлік ұстанымы. Шәкірттерінің табысына қуанатын, әр жетістігін өзінікіндей бағалайтын ұстаз – нағыз мұғалімнің бейнесі емес пе?

Табылдиева Айжан Темірханқызы – еңбегі еленген, шәкіртімен мерейі үстем, ұстаздықты өмірінің мәніне айналдырған тұлға. Оның есімі шәкірт жүрегінде әрқашан алғыс пен құрметке толы болып қала бермек.

Leave a reply