САЙРАМДА «ҚҰРМЕТ» АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

0
105

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының Сайрам ауданында «Құрмет» ардагерлер үйі ашылды. Бұған дейін облыс ардагерлеріне Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген болатын. Сондықтан «Ардагерлер үйін» облыс аумағына көшіру және заман талабына сай қызмет көрсету мақсатында Қарасу ауылындағы жаңа ғимарат таңдап алынды.

Қазыналы қариялардың игілігіне берілген ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Жаңа ғимаратты аралап, жұмысымен танысты. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – бабадан келе жатқан салтымыз екенін жеткізді.

«Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау аса маңызды. Бұл істе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек» деген болатын. Осы ретте, сіздер еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Ал бүгін Қарттар күніне орай облысымызда айрықша қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңадан «Құрмет» ардагерлер орталығы ел игілігіне берілуде. Баршаңызды орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қолдау – біздің парасатты парызымыз. Өңірде осы бағытта жүйелі жұмыс жүруде«, деді облыс басшысы.

Ардагерлерге арналған емдік-сауықтыру орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің ем алып, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен денсаулығын түзейді.

«Бәрі жаңа, тамағы да керемет. Қан қысымын тексеріп, тұз бөлмесіне кіргізіп, массажы бәрі тегін. Ата-әжелеріміз өмір бойы елге қызмет жасап, балаларын бағып, одан немере бақты. Қазіргі таңда оларға сондай құрмет жасағанына мен ана ретінде алғыс айтамын», деді Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева.

Қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев:

«Қарттар, ардагерлер біздің алтын қорымыз деген президентіміз. Міне, сол алтын қорларды аялап, солардың өмірінің ұзақ болуын, денсаулықтарының мықты болуын, елге жасаған еңбектерінің далаға кетпей, ел игілігіне жұмсаған қарттарға деген қамқорлық өте керек. Соның бүгін куәсі болдық. Үлкен рахмет осыған», деп алғысын жеткізді. 

Түркістан облысында 200 мыңнан аса зейнеткер бар. Бұл – облыс халқының 10 пайызы. Қариялардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Ол мекемелерде 10 мыңнан астам зейнеткер тынығып, уақыттарын тиімді өткізуде.

Leave a reply