«Математика – өмірдің дәлдігі, ұстаздық – жүректің адалдығы»

Кейбір адамдардың өмірі – формулалар секілді. Дәлдікке құрылған, бірақ сол дәлдіктің ішінде жылулық пен мейірім бар. №23 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ахмет Жанзия Гапурқызы осындай жандардың бірі. Ол үшін математика жай ғана пән емес, бүкіл өмірінің темірқазығы, ұстаздық жолының серігі.
Жанзия Гапурқызының ұстаздық жолы студенттік шақтан бастау алады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-математика факультетін тәмамдап, қолына диплом ұстаған жас маман 1987 жылы мектеп табалдырығын аттағанда, алдынан ондаған, кейін жүздеген шәкірт шықты. Содан бері 36 жыл бойы бір ғана жолды таңдады – білім мен тәрбие жолын.
Уақыт өзгерді, бағдарлама мен әдістеме де жаңарды. Бірақ оның бойындағы адалдық пен еңбекқорлық өзгерген жоқ. Керісінше, заман ағымына бейімделе жүріп, әр сабағында жаңашылдыққа ұмтылды. «ӨРЛЕУ» орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда үздік бейнесабақ ұсынып, І-дәрежелі диплом иеленуі – соның айғағы.
Ол үшін әрбір оқушы – бөлек әлем. Геометрия мен алгебрадағы күрделі есептерді шешуге ғана емес, өмірдің есебін дұрыс шығаруға үйретеді. 2025 жылы шәкіртін «Алтын түлек» олимпиадасында жүлделі орынға жеткізгені де – мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен еңбектің жемісі.
Жанзия Гапурқызының жетістіктері бір ғана параққа сыймайды. «Жылдың үздік мұғалімі», «Білім үздігі», «Білім беру ісінің үздік педагогы» төсбелгісі – оның абыройының белгісі. Бірақ өзі бұл марапаттарды мақтаныш үшін емес, ұрпақ алдындағы адал еңбегінің бағасы деп біледі.
Ол үшін ең үлкен сыйлық – шәкірттерінің жетістігі. Әрбір есепті дұрыс шығарған бала, әрбір жеңіске жеткен оқушы – оның еңбегінің жемісі. Сол үшін де ол ұстаздық жолды ең үлкен бақыт санайды.
36 жылдық еңбек жолы – тек сабақ берген уақыт емес, шәкірт жүрегінде із қалдырған жылдар. Жанзия Гапурқызының өмірлік ұстанымы қарапайым: адал еңбек, адал ұстаз, адал азамат болу. Міне, нағыз педагогтың бейнесі осындай.












