Адалдық пен білімге арқа сүйеген ұстаз бейнесі

0
175

Жақияева Ақмарал Рыскұлбекқызы – өзінің саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған, адал еңбегімен абырой тапқан ардақты ұстаз. Ол 1969 жылдың 17 тамызында дүниеге келіп, бала кезінен-ақ білімге құштарлығымен, әдебиетке ерекше қызығушылығымен көзге түсті. Уақыт өте сол бала арманы оның өмірлік жолын айқындап, мұғалімдік мамандыққа жетеледі.

Ақмарал Рыскұлбекқызы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін кәсіби деңгейде оқытуға жол ашты. Оның еңбек жолы Ш.Уәлиханов атындағы №18 мектепте басталып, осы күнге дейін үзілмей жалғасып келеді. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ол мыңдаған шәкіртке білім нәрін сеуіп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасында атап өтілген еңбекқорлық, әділдік және жауапкершілік қағидаттары Ақмарал Рыскұлбекқызының ұстаздық жолында айқын көрініс тапқан. Ол шәкіртін тек пәндік біліммен ғана емес, өмірлік құндылықтармен сусындатып, қоғамға адал, жауапты азамат қалыптастыруды басты мақсаты санайды.

Жылдар бойы еңбегінің еленуі – оның ұстаздық жолдағы адалдығы мен табандылығының нәтижесі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хаты», Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығының грамотасы, түрлі республикалық байқаулардағы жетістіктері – осының айғағы. Ол «Кемеңгер ұстаз» республикалық байқауында жүлделі орындарға ие болып, «Үздік ұстаз» номинациясын иеленді. Сонымен қатар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» Құрмет грамотасымен марапатталуы – ұстаздың кәсібіне деген беріктігінің тағы бір дәлелі.

2023 жылы ол «Абай шығармаларын интерпретациялау әдісі» атты авторлық бағдарламасын ұсынып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың жаңа қырын ашты. Бұл еңбегі Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жоғары бағаланып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Ақмарал Рыскұлбекқызының ұстаздық жолы – адалдыққа негізделген қажырлы еңбек пен шәкіртке деген шынайы махаббаттың үлгісі. Оның өмірлік ұстанымы – білім беруді тек мамандық емес, ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік деп түсіну. Шәкірт жүрегіне жол тауып, олардың өмірінде өшпес із қалдырған ұстаздың еңбегі еліміздің болашағына қосылған баға жетпес қазына.

Leave a reply