Адал дәрігердің жолы

0
22

Хирургия – тек ғылым емес, жүректің ерлігі. Әр ота – адамның тағдыры, әр шешім – өмір мен өлімнің таразысы. Осындай жауапты жолды таңдаған дәрігердің өмірі жай ғана еңбек емес, «адал азаматтың» болмысын айқындайтын тағылымды тарих.

Қаратаев Ердан Келдібекұлы 1976 жылы Атырау топырағында дүниеге келді. Мектеп қабырғасынан-ақ үздік оқуы, білімге деген құштарлығы оның алдағы тағдырын айқындады. Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясының студенті атанып, оны да үздік дипломмен аяқтауы – жас маманның кәсіби жолына адалдықпен кіріскенінің дәлелі.

Хирургия саласындағы қадамдары интернатурадан басталып, аспирантураға ұласты. Ғылымға ден қойып, медицина ғылымдарының кандидаты атанды. Ердан Келдібекұлы тек білімді емес, қайсар азамат екенін әскерде де дәлелдеп, медициналық қызмет офицері, лейтенант атанды.

Еңбек жолының әр белесі – табандылық пен кәсіби адалдықтың айғағы. Шымкент пен Ақтөбе, Алматы қалаларындағы жедел жәрдем ауруханалары мен клиникаларда жасаған еңбегі мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалуға ықпал етті. Бас дәрігердің орынбасары болсын, қарапайым кезекші хирург болсын – ол ешқашан мансапты бірінші орынға қоймай, ең әуелі пациент тағдырын ойлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат – елдің тірегі, мемлекеттің ең үлкен байлығы» деп атап өткен еді. Ердан Қаратаевтың өмірбаяны осы сөздің айқын дәлелі. Өйткені адалдық оның бойынан тек кәсібінде ғана емес, азаматтық ұстанымынан да көрінеді. Ол қай қалада еңбек етсе де, қай қызметте жүрсе де, әділдіктен аттамай, адамға деген қамқорлығын жоғалтқан емес.

2010 жылдары Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасында қызмет ете жүріп, өңірдегі емдеу-профилактикалық көмекті үйлестіру ісіне күш салды. Ал Алматыдағы республикалық әскери госпитальдегі жұмысы – мемлекет алдындағы жауапкершілігін одан әрі айқындаған кезең.

Бүгінде Шымкенттегі №3 қалалық ауруханада медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етеді. Қызметінде «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуы – еңбектің, адалдықтың және халыққа қызмет етудің шынайы бағасы.

Ердан Келдібекұлының өмір жолы – кәсібіне адалдықтың, халқына адал қызмет етудің үлгісі. Оның тәжірибесі де, жүрек жылуы да – дәрігерге тән басты қасиеттер. Мұндай азаматтар барда қоғамға сенім артып, болашаққа үмітпен қарауға болады.

Leave a reply