
Түркістан облысында цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы айқындаған цифрлық трансформация бағыты аясында өңірде инновациялық жобаларды енгізуге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте ғарыш технологияларын тиімді пайдалану мен «Қазақстан киберқалқаны» жобасының мақсаттарын іске асыру бағытындағы жұмыстар өңірдің цифрлық дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
Бүгінде Түркістан облысында ғарыштық мониторинг технологиялары ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, экология және төтенше жағдайлардың алдын алу салаларында кеңінен қолданылуда. Әсіресе ауыл шаруашылығы өңірдің негізгі экономикалық драйверлерінің бірі болғандықтан, егістік алқаптарын бақылау, суармалы жерлердің жағдайын анықтау, жер ресурстарын тиімді пайдалану және өнім көлемін болжау бағытында спутниктік бақылау жүйелерінің мүмкіндіктері пайдаланылып келеді.
Жуықта Түркістан қаласында өткен ауқымды саммитте еліміздің цифрлық ел болуды мақсат тұтып отырғанын алға тартып, бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат екенін жеткізген-ді.
Ғарыштық мониторинг арқылы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нақты жағдайын бағалау және жер ресурстарын тиімді басқару жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында табиғи қауіп-қатерлерді бақылау жүйелері де жетілдірілуде. Орман және дала өрттерінің қаупін бағалау, құрғақшылық жағдайын бақылау, су тасқыны қаупі бар аумақтарды анықтау барысында ғарыштық технологиялардың мүмкіндіктері пайдаланылып келеді. Бұл өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және табиғи апаттардың салдарын азайтуға ықпал етуде.
Түркістан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары аясында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де басымдық берілген. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан киберқалқаны» жобасының негізгі қағидаттары өңір деңгейінде кезең-кезеңімен енгізілуде.
«Қазақстан киберқалқаны» жобасының басты мақсаты – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, деректер қорларын және цифрлық инфрақұрылымды сыртқы және ішкі кибершабуылдардан қорғау. Бұл бағытта ақпараттық жүйелердің тұрақтылығын арттыру, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және киберқауіптердің алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Облыста мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерінде қауіпсіздік талаптарын күшейту, қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру және ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрақты іс-шаралар өткізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету процестерін толық цифрландыру барысында ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін арттыруға ерекше назар аударылуда.











