
Жастарды жұмыспен қамту, білікті маман даярлау және тұрғындарға тұрақты табыс көзін қалыптастыру – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Осы мәселелерді талқылау мақсатында партияның Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері Отырар ауданындағы Д. Құрманбеков атындағы кәсіптік колледж ұжымымен кездесті.
Жиынға «Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының басшысы Алмас Салимов және штаб мүшелері мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Кездесуде Алмас Алтайұлы жұмыспен қамту мәселесі экономикалық дамумен қатар, әрбір отбасының әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіптік білім беру ұйымдарының білікті маман даярлаудағы рөліне тоқталып, жастардың алған білімін тәжірибемен ұштастырып, тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау қажеттігін айтты.
«Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау, жастарға алғашқы жұмыс орнын табуға көмектесу және азаматтардың тұрақты табыс алуына мүмкіндік жасау маңызды. Әсіресе, кәсіптік колледждердің бұл бағыттағы орны ерекше. Студенттер оқу барысында тек теориялық біліммен шектелмей, өндірістік тәжірибе жинақтап, нақты кәсіпті меңгеруі керек. Сондықтан сайлауалды бағдарламамызда жұмыс берушілердің сұранысына сай кадр даярлау, дуальды оқытуды дамыту және техникалық мамандықтарға қолдауды арттыру мәселелеріне басымдық берілген», – деді Алмас Салимов.
Бағдарламаға сәйкес, жастарды қолдау бағытында да нақты міндеттер белгіленген. Сондай-ақ, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жастардың көпшілігін жұмыспен қамтуға күш салынады. Бұл жастардың еңбек жолын бастауына, тұрақты табыс табуына және өңірде өз болашағын қалыптастыруына ықпал етеді.
Кездесуде кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жетілдіру мәселесі де кеңінен қозғалды.
Жиын соңында колледж ұжымы өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Штаб мүшелері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі бағыттарды түсіндірді.
Тапсырыс беруші: Салимов А.А.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді













