
Түркістан облысында құрылыс саласы өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Тұрғын үй, әлеуметтік және өндірістік нысандардың бой көтеруі елді мекендердің келбетін жаңартып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Биылғы он айда облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 586 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6 пайызға өсті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 988,5 мың шаршы метрді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға жоғары.
Тұрғын үй құрылысы – халықтың баспанаға деген сұранысын қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі. Соңғы жылдары Түркістан қаласында бұл сала айтарлықтай қарқын алды. Сегіз жылда шаһарда 319 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 20 мыңға жуық адам баспаналы болды. Осы кезеңде 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, құрылысқа 1 трлн 417 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 60 үй жеке инвесторлардың қаражаты есебінен бой көтерді. Бұл тұрғын үй нарығында мемлекеттік қолдаумен қатар жеке сектордың да белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.
Облыс көлемінде де тұрғын үй құрылысы жалғасуда. 2026 жылы жеке құрылыс салушылар тарапынан 3 105 пәтерлі 168 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 2 434 пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде Түркістан қаласында 43 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Жаңа баспаналар әлеуметтік осал топтарды, көпбалалы және толық емес отбасыларды, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған.
Тұрғын үймен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. Биыл облыста 45 әлеуметтік нысанның құрылысына 31,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары бар. Жыл соңына дейін 32 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Білім беру саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның ішінде сегіз мектепке қаржы қарастырылған. Сонымен қатар Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында балалардың қабілетін дамытуға арналған төрт орталық салынуда.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту бағытында төрт нысанның құрылысы қолға алынған. Түркістан қаласында 80 орындық перзентхана бой көтерсе, Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталған. Мәдениет саласында 13 нысанға 5,5 млрд теңге бөлініп, спорт инфрақұрылымын дамытуға 10 нысан бойынша 3,4 млрд теңге қарастырылған. Мұндай жобалар тұрғындардың сапалы білім мен медициналық көмекке, мәдени және спорттық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Құрылыс саласының дамуы өндірістік ғимараттар мен кәсіпорындар инфрақұрылымының кеңеюінен де көрінеді. Өңірде шағын өндірістік парктерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде барлық аудан мен қалада жалпы аумағы 264,2 гектардан асатын 29 өндірістік парктің құрылысы қолға алынған. Жоба аясында 275 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 178-інің құрылысы аяқталып, 97 нысанда жұмыс жалғасуда. Бұл алаңдарда құрылыс материалдарын өндіру, металл бұйымдарын жасау, жиһаз, пластикалық есік-терезе және басқа да өнімдер шығаратын кәсіпорындар орналастырылуда.
Қазірдің өзінде шағын өндірістік парктер аумағында құрылыс материалдарын өндіру, металл қоршаулар мен темір бұйымдарын жасау, пластикалық өнімдер шығару бағытындағы цехтар іске қосылған. Жалпы, өндірістік парктерде 163 млрд теңгеге 146 жоба жүзеге асырылып, 3 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ал жоспарланған 269 жобаны толық іске қосу нәтижесінде 6 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл құрылыс индустриясының жергілікті өндірісті дамытуға, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға қосатын үлесін айқындайды.
Жалпы, Түркістан облысындағы құрылыс жұмыстары тұрғын үй қорын жаңартумен шектелмейді. Әлеуметтік нысандар салу, өндірістік алаңдарды қалыптастыру және жергілікті құрылыс материалдарын өндіру бір-бірімен сабақтас бағыттар ретінде дамып келеді. Нәтижесінде өңірде жаңа инфрақұрылым қалыптасып, инвестициялық белсенділік артып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік жасалуда. Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – басталған жобаларды сапалы әрі мерзімінде аяқтап, салынған нысандардың халық игілігіне тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету.












