
Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау жұмыстары табиғи ресурстарды сақтаумен қатар, экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға негіз болып отыр. Қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту, елді мекендерді көгалдандыру, орман қорын молайту және ауа сапасын жақсарту – өңірдің тұрақты дамуына бағытталған негізгі міндеттер. Бұл шаралар экологиялық жағдайды жақсартумен бірге жаңа өндірістер ашуға, кәсіпкерлікті қолдауға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірде тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Қазіргі таңда облыста 36 мекеме қоқыс жинау және тасымалдау қызметін көрсетсе, 15 кәсіпорын сұрыптаумен, бес кәсіпорын қайта өңдеумен айналысады. 2025 жылы өңірде 87,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 27,1 мың тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Нәтижесінде кәдеге жарату үлесі 31 пайызды құрады. 2026 жылы бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу жоспарланып, алғашқы тоғыз айда 32 пайызға орындалды.
Қайта өңдеу саласында жергілікті кәсіпорындар да жұмыс істеп келеді. Мәселен, Кентау қаласындағы «Қаратау Полимер» ЖШС 2016 жылдан бері пластик қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу арқылы өндірістік шикізат шығарады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 1 500 тонна. Жобаға 100 млн теңге инвестиция салынып, 20-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнім Ресейге экспортталады. Бұл – тұрмыстық қалдықтың өзі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда экономикалық айналымға қайта қосылып, табыс көзіне айнала алатынын көрсететін мысал.
Сонымен бірге облыста полигондарды оңтайландыру және санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. 2024–2026 жылдарға арналған жоспар бойынша бір-біріне жақын орналасқан елді мекендердегі 51 полигонды оңтайландырып, жабу көзделген. Мұндай шаралар бейберекет қоқыс орындарын азайтып, қалдықтарды басқарудың жүйелі моделін қалыптастыруға бағытталған.
Түркістан облысының климаттық ерекшелігін ескерсек, жасыл желек көлемін арттыру – экологиялық қауіпсіздіктің маңызды шарты. Осы мақсатта 807 елді мекенді көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. Биыл облыс бойынша 1 млн түп көшет отырғызу жоспарланып, көктемгі маусымда 332,5 мың көшет егілді. Күзде тағы 700 мыңға жуық көшет отырғызу көзделген. 17 қарашада Түркістан қаласындағы әуежай жолының бойына бір күнде 22,5 мың түп ағаш егілді. Жалпы осы аумаққа 87,5 мың көшет отырғызу жоспарланған.
Түркістан қаласының айналасында 30 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы жүзеге асуда. Оның 29,5 мың гектары мемлекеттік орман қоры санатына енгізілген. Бұдан бөлек, 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша облыстың орман қоры жерлеріндегі 110 мың гектардан астам аумаққа 170 млн түп сексеуіл көшетін егу көзделген. 2021–2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 млн көшет отырғызылып, жоспар 116 пайызға орындалды.
Көгалдандырудың нәтижесі тек егілген көшет санымен өлшенбейді. Оның жерсінуі, тұрақты суарылуы және күтіп-бапталуы да маңызды. Сондықтан орман шаруашылықтарының тұқымбақтарында көшет өсіру, суару жүйелерін жаңарту және отырғызылған ағаштардың жағдайын бақылау жұмыстары қатар жүргізілуде.
Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту да өңірдің экологиялық күн тәртібіндегі маңызды мәселе. 2026–2030 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері бекітілді. Құжатта Түркістан, Кентау қалалары мен Састөбе елді мекеніндегі атмосфералық ауа құрамындағы зиянды заттардың деңгейін кезең-кезеңімен төмендету міндеттері белгіленген. Атап айтқанда, Түркістан қаласында азот диоксиді, күкірт диоксиді және ұсақ дисперсті шаң бөлшектерінің көрсеткіштерін жақсарту көзделген. Бұл бағытта ауа сапасын бақылау, ластаушы көздерді қадағалау және экологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарының маңызы зор.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану ауыл шаруашылығы үшін де өзекті. Су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау және су ресурстарын ұтымды бөлу табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Ал орман алқаптарын кеңейту, сексеуіл егу және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау жердің тозуы мен шөлейттену қаупін төмендетуге бағытталған.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында биыл өңірде 6 494 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 710 мыңнан астам тұрғын қатысты. Тазалық жұмыстары, тарихи орындарды абаттандыру, жол жиектерін ретке келтіру және қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау шаралары барлық аудан-қаланы қамтыды. Бұл бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Айта өтсек, Түркістан облысында экологиялық саясат қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық дамуды қатар қамтиды. Қалдықтарды қайта өңдеу – өндіріс пен кәсіпкерлікке, көгалдандыру – елді мекендердің жайлылығы мен табиғи тұрақтылыққа, ал ауа сапасын жақсарту – халық денсаулығы мен өмір сапасына әсер етеді. Алдағы міндет – қолға алынған жобалардың нәтижелілігін арттырып, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру. Экологиялық жауапкершілік өңірдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды шартына айналуы тиіс.













