
Банк картасын бөтен адамға уақытша беру, ақша аударғаны үшін сыйақы алу немесе әлеуметтік желідегі «оңай табыс» ұсынысына келісу. Жастар арасында қарапайым мүмкіндік сияқты көрінетін мұндай әрекеттердің артында қаржылық алаяқтық пен заңсыз операцияларға қатысу қаупі тұруы мүмкін. Осындай жағдайларды дер кезінде танып, құқықтық жауапкершілікті түсіндіру мақсатында Түркістан облысында «Сақшы» инновациялық профилактикалық жобасы жүзеге асырылуда.
Бастама Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында әзірленген. Оны ұйымдастыруға облыс әкімдігі мен Білім басқармасы қолдау көрсеткен. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, интернет-алаяқтық пен дропперлік схемалардың алдын алу, заңға құрметпен қарауға және жеке шешімдері үшін жауапкершілік алуға үйрету.
Жобаның басты ерекшелігі – қатысушыларға қаржылық қауіптерді күнделікті өмірде кездесетін мысалдар арқылы түсіндіру. Осы мақсатта мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Сақшы» интерактивті ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар арнайы онлайн платформадағы тапсырмалар мен сұрақтарға жауап беру арқылы алаяқтық белгілерін ажыратуды, күмәнді ұсыныстарды тануды және жеке деректерді қорғауды үйренді. Ойын барысында әсіресе дропперлік мәселесіне назар аударылды. Дропперлер – өздерінің банк картасын, шотын немесе төлем деректерін бөгде адамдарға беріп, заңсыз ақша аударымдарына қатысатын тұлғалар. Кей жағдайда оларға мұндай әрекет үшін сыйақы ұсынылады. Алайда өз шотын басқа біреудің пайдалануына беру қаржылық құқық бұзушылықтарға араласуға және заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Қатысушылар «Банк картаңды бере тұр, ақша аударғаның үшін сыйақы аласың» деген секілді ұсыныстардың астарында қандай қауіп жатқанын талдады. Сонымен бірге интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, күмәнді қаржылық операциялар, банк карталарын заңсыз мақсатта пайдаланудың салдары және жеке мәліметтердің қауіпсіздігі жөнінде білімдерін толықтырды.
Жобаның екінші маңызды бағыты – әлеуметтік бейнероликтер байқауы. Оған қатысқан оқушылар қаржылық алаяқтықтың түрлерін өздері зерттеп, оның зардаптары мен сақтану жолдарын қамтитын сценарийлер әзірледі. Нәтижесінде жастар күрделі құқықтық мәселелерді өз қатарластарына түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік алды.
Байқау төрт аталым бойынша өтті. «Алғашқы карта», «Қаржылық мониторинг», «Ақылды сақшы» және «Жеңіл ақша» бағыттарында қатысушылардың жұмыстары бағаланды. Бұл аталымдар арқылы алғашқы банк картасын пайдаланудан бастап, күмәнді табыс ұсыныстары мен қаржылық операциялардың заңдылығына дейінгі мәселелер қамтылды. Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде интерактивті ойын мен әлеуметтік бейнероликтер байқауының қорытынды марапаттау рәсімі өтті. Төрт санат бойынша 12 жүлдегер анықталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Ал бейнероликтерді әзірлеуге атсалысқан 150 оқушы алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Жобаны ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан білім саласының бес өкілі де марапатталды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаментінің басшысы Дәурен Райымқұлов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев, құқық қорғау және білім саласының өкілдері, ұстаздар, ата-аналар мен жастар қатысты.
Облыс әкімі жастар арасында заңға құрмет, өзара сыйластық және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның әр мүшесінің құқықтары мен міндеттерін білуінен басталатынын жеткізді.
Бүгінде интернет-алаяқтықтың тәсілдері өзгеріп, қаржылық қауіптер де күрделене түсті. Сондықтан жастарға тек алаяқтықтың белгілерін танып қою жеткіліксіз. Олар өздерінің жеке деректерін қорғауды, банк картасын бөгде адамға бермеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және заңсыз ақша аударымдарына қатыспауды білуі керек. «Сақшы» жобасының маңызы да осында. Ол құқықтық сауаттылықты құрғақ түсіндірумен шектемей, интерактивті ойын мен шығармашылық байқау арқылы жастардың өзіне ойлануға, ақпаратты талдауға және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.












