ТҮРКІСТАН: АУЫЗ СУ ҮНЕМДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

0
93

Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.

“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент.

Түркістан қаласын дамыту ісінде ең алғаш болып назар салатын салалардың қатарына ауыз су, ағын суды тиімді пайдалану мәселелері күн тәртібінен түспейтіні анық.

Ол үшін жергілікті билік аталмыш бағыттарда мүмкіндігіне қарай қызметін атқарып келеді.

Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізді. Ол суды үнемдеу технологияларының тым баяу енгізіліп жатқанын мәлім етті.

“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.

Бұл орайда, қасиетті қаланың жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайған. Ал, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса адамға жеткен. Шаһар басшысы ағымдағы жылғы көрсеткіш бойынша киелі шаһардағы 42 014 абоненттің 41 552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтып, жыл соңына дейін таза тіршілік нәріне қол жеткізгендерді 100 пайыздық көрсеткішке жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеген еді. Жылдық жоспарға сәйкес, 2023 жылы 4 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олардың қатарына «Сауран» ықшам ауданындағы «Мақтазауыт», №1 және №2 аймақтары, «Яссы» мен «Шауғар» ықшам аудандары кіреді.

Түрленген Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72 000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, күн санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, атқарылар жұмыстардың да бір сәтке толастамасы анық.

Халық әлеуетінің артуына инфрақұрылымның тұрақтануы аса маңызды. Шобанақ пен Әкімшілік-іскерлік орталығы су жинау резервуарлары арқылы тұрғындарды 82,5 пайыз таза сумен қамтамасыз еткенін еске алсақ, қала басшылығының бүгінгі көрсеткіштері жүйелі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі деуге толықтай негіз бар.

Ауыз су мәселесі Түркістан қаласына ғана тән қиындық емес. Бұл республикалық деңгейде шешімін шегелеп, мәселесі май шаммен қаралуы тиіс болып тұрғаны жасырын емес. Сөзіміздің дәлелі ретінде Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың ескертпесін келтіре кетсек болады. Ол, 2025 жылға дейін елдегі барлық қалалар мен ауылдар 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі керектігін айтқан.

«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саналы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет», – деген болатын Әлихан Асханұлы.

Түркістан қаласындағы су мәселелері бойынша жауапты «Түркістан Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала аумағындағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беріп, тұрғындардың 24 сағат бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отырғанын айтты.

Таза тіршілік нәрі бүгінгі таңда Шобанақ елді мекені жанындағы қоймаға су жиналып, Түркістанға жеткізілетін көрінеді. Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенін және жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін де тілге тиек етті.

«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Жер бетінің төрттен үш бөлігін су алып жатқанымен, ауыз су мәселесі өз шешімін оңай табар түйіткіл емес. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді екенін ескерсек, оған қойылатын талаптарға да баса мән беруіміз заңдылық.

Тіршілігі жанданып, бойына қайта қан жүгірген киелі Түркістандағы ауыз су мәселесіндегі жаңалықтар осындай. Әлем елдерін алаңдатқан таза судың әр тамшысы ұқыпты пайдаланылуы тиіс. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Түркістанның тіршілік көзі су мәселесіндегі жасап жатқан жұмыстары көңілге қуаныш сыйлап, жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанына ешкім күмән келтірмейтіндей болуы тиіс. «Су ішетін арығы жоқ елдің, Сүзіп алатын балығы жоқ» деген күйге жетпеу маңызды.

Leave a reply