Воскресенье, 22 ноября

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ТҰРАҚТЫ

0
22

Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік өңір экономикасының маңызды тірегіне айналып келеді. Сауда-саттықтан бастап ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және өндіріс салаларына дейін қамтылған бизнес құрылымдары жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті өнім көлемін арттыруға ықпал етуде. Қазіргі таңда облыста 200 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикадағы жетекші үштіктің қатарында.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қарашада Түркістан облысында 201 254 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 198 992-сі нақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары болуы өңірдегі іскерлік ортаның тұрақты қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Сонымен қатар облыста 20 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген. Оның басым бөлігі шағын кәсіпорындарға тиесілі.

Кәсіпкерлік құрылымының негізгі бөлігін жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары құрайды. Өңір халқының басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұратынын ескерсек, шағын бизнес ауыл экономикасын дамытудың да маңызды тетігі саналады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу, саудаға шығару, тұрмыстық қызмет көрсету бағыттарындағы кәсіптер жергілікті тұрғындардың табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске әкімшілік кедергілерді азайту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бақылау-қадағалау органдарының кәсіпкерлік субъектілері алдындағы бірыңғай есеп беру кездесулері ұйымдастырылып, кәсіпкерлердің мәселелері жеке қабылдауларда қаралады. Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктері кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру, гранттар мен консультациялық қызметтер ұсынылады. Соңғы екі жылда өңірде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 63 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражат жаңа жобаларды іске қосуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыруға және өндіріс бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлерге арналған «Өрлеу» бағдарламасы аясында инвестициялық жобалар мен айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие қарастырылған. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы – 7 млрд теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 12,6 пайыз, мерзімі – 10 жылға дейін. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы микро және шағын бизнес субъектілеріне 200 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі де қарастырылған.

Жаңа кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қайтарымсыз гранттар беру жұмыстары да жүргізілуде. 2026 жылы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 1 450 адамға грант беру жоспарланған. Бірінші кезеңде 1 542 өтінім қабылданып, жобалар конкурстық комиссияның қарауына ұсынылды. Мұндай қолдау әсіресе бастапқы капиталы жеткіліксіз азаматтардың кәсіпкерлікке қадам басуына жол ашады.

Кәсіпкерліктің өндірістік әлеуетін арттыру үшін индустриялық инфрақұрылым да дамып келеді. Облыста 20 индустриялық аймақ құрылған. Бұдан бөлек, шағын өндірістік парктерді қалыптастыру жұмыстары қолға алынған. Сауран ауданында жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат салуда. Бұл тәжірибені өзге аудандар мен қалаларда да қолдану көзделген. Шардара ауданы мен Түркістан қаласында өндірістік парктердің құрылысы басталған.

Өндірістік алаңдардың көбеюі кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымды пайдаланып, өндіріс орындарын ашуға жағдай жасайды. Нәтижесінде өңірде құрылыс материалдары, тамақ өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және басқа да қажетті өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындардың саны артуы мүмкін. Бұл ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған маңызды қадам.

Сонымен бірге кәсіпкерлерге ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетуге басымдық берілген. Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен аудан-қалалардағы мамандар бизнес ашу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, құжат рәсімдеу және қаржыландыру жолдары бойынша кеңес береді. Кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері қаралады.

Шағын және орта бизнестің дамуы тек кәсіпорындар санының артуымен өлшенбейді. Оның негізгі нәтижесі – тұрақты жұмыс орындарының ашылуы, халық табысының өсуі, жергілікті өндірістің кеңеюі және аудан-қалалардың экономикалық мүмкіндігінің нығаюы. Сондықтан Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары қаржыландырумен қатар, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту және жаңа нарықтарға шығуға жағдай жасау бағытында жалғасуда.

Leave a reply