Воскресенье, 22 ноября

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КҮШЕЙДІ

0
21

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өсімнің негізгі бағыттарының біріне айналды. Өңірде жаңа бизнес бастамаларды қаржыландыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметін кеңейту, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және өндірістік жобаларды қолдау бойынша бірқатар бағдарлама жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мүмкіндік беріп қана қоймай, бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай қалыптастыру.

Бүгінде Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 200 мыңнан асты. Бұл – өңір экономикасында жеке сектордың орны айтарлықтай екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Кәсіпкерлік сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс салаларында кеңінен дамып келеді. Соңғы екі жылда кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемі 63 млрд теңгеге жеткен. Қаржылай қолдау жаңа жобаларды іске асыруға және қолданыстағы бизнесті кеңейтуге бағытталған.

Кәсіпкерлерге ұсынылатын негізгі қаржылық тетіктердің бірі – «Өрлеу» бағдарламасы. Оның аясында бизнес субъектілеріне 7 млрд теңгеге дейін, жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несие беріледі. Бағдарлама өндірісті жаңғыртуға, жабдық сатып алуға, кәсіпорынның қуаттылығын арттыруға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 2026 жылы шағын бизнесті қолдаудың «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлердің несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Қаржыландыру көлемі 200 млн теңгеге дейін қарастырылған. Кәсіпкер үшін пайыздық мөлшерлеме кемінде 12,6 пайыз деңгейінде белгіленіп, субсидиялау мерзімі үш жылға дейін созылады. Қолдау инвестициялық жобаларға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталады.

Кәсіп бастағысы келетін азаматтарға да мүмкіндік қарастырылған. 2026 жылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша облыста 1 450 адамды қамту жоспарланған. Алғашқы кезеңде 1 542 азамат өтініш берген. Жобаларды іріктеу комиссиясы ашық форматта өткізіліп, үміткерлер өз бизнес-жоспарларын қорғады. Бұл тетік әсіресе кәсіпкерлікке алғаш қадам басқан азаматтарға, әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті бастамашыларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті жандандыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына, кооперативтер құруына және жергілікті ресурстарды экономикалық айналымға енгізуіне мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны қайта өңдеу, ет және сүт өнімдерін дайындау, тігін өндірісі, наубайхана, қызмет көрсету және басқа да бағыттарды дамытуға жағдай жасалуда. Мұндай жобалар ауылдағы жұмыспен қамтуды арттырып, тұрғындардың тұрақты табыс көзіне ие болуына ықпал етеді.

Кәсіпкерлерге тек қаржы беру ғана емес, жобаны әзірлеуден бастап іске қосуға дейін сүйемелдеу де маңызды. Осы бағытта «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Орталық мамандары бизнес-жоспар әзірлеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және қаржыландыру көздерін анықтау бойынша тегін кеңес береді. Оның аудан-қалалардағы филиалдары кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Кәсіпкерліктің өндірістік әлеуетін кеңейту үшін облыста индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктер де дамытылуда. Қазіргі таңда өңірде 21 индустриялық аймақ және 29 шағын өндірістік парк құрылған. Шағын парктер аясында 275 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, оның 178-і пайдалануға берілген. Аталған алаңдарда 146 жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 163 млрд теңгеге жеткен. Бұл кәсіпкерлерге өндіріс ашу үшін қажетті инфрақұрылымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылғы қазанда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік грант беру конкурсы жарияланды. Бұл қолдау әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бизнес бастамаларды дамытуға, халықтың осал топтарының жұмыспен қамтылуына және қоғамға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттыруға арналған.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнеске әкімшілік кедергілерді азайту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бақылау-қадағалау органдарының кәсіпкерлік субъектілері алдындағы бірыңғай есеп беру кездесулері ұйымдастырылып, кәсіпкерлердің мәселелері жеке қабылдауларда қаралады. Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңдегі басым міндет – қаржылай қолдау алған жобалардың нәтижелілігін арттыру, жаңа кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейту. Сонымен бірге жергілікті өнім өндірушілердің нарыққа шығуына, сауда желілерімен байланыс орнатуына және экспорттық әлеуетін дамытуына жағдай жасау маңызды.

Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау саясаты бизнестің санын арттырумен шектелмейді. Оның түпкі нәтижесі – жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті отандық өнім, тұрғындардың табысы және аудан-қалалардың экономикалық дербестігінің нығаюы. Сондықтан кәсіпкерлікке жасалған әрбір қолайлы жағдай өңірдің ұзақ мерзімді дамуына салынған инвестиция болып саналады.

Leave a reply