ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨНДІРІСТІК ЖАҢҒЫРУҒА БЕТ БҰРДЫ: ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДА 142 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру және өндірістік әлеуетті арттыру бағытында жаңа кезең басталды. Өңірде дәстүрлі ауыл шаруашылығымен қатар машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, тамақ өндірісі және химия өнеркәсібі бағыттары дамып келеді. Инвесторларға арналған өндірістік алаңдардың көбеюі, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті шикізатты терең өңдеу облыстың индустриялық-инновациялық дамуындағы негізгі басымдықтарға айналған.

2026 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн 513,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 763,6 млрд теңгеге жетіп, 33,4 пайыздық өсім көрсетті. Бұл өңірде дайын өнім өндіруге бағытталған кәсіпорындардың белсенділігі артып келе жатқанын аңғартады.
Индустриялық-инновациялық дамудың негізгі тетіктерінің бірі – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар. Бүгінде облыста жалпы аумағы 1 450 гектарды құрайтын 5 арнайы экономикалық аймақ және 1 931 гектар жерді алып жатқан 21 индустриялық аймақ бар. Аталған өндірістік алаңдарда жалпы құны 1 трлн 22,2 млрд теңгені құрайтын 142 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жаңа кәсіпорындар ашуға, өндірістік кооперацияны дамытуға және өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Инвесторлар үшін дайын инфрақұрылым ұсыну мақсатында шағын өндірістік парктердің желісі де кеңейіп келеді. Қазіргі таңда облыста 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аясында жоспарланған 275 өндірістік ғимараттың 164-і пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 өндірістік жоба іске қосылды. Мұндай алаңдардың ерекшелігі – кәсіпкерлерге өндіріс орнын нөлден бастап салмай-ақ, дайын ғимарат пен қажетті инфрақұрылымды пайдаланып, жұмысын бастауға жағдай жасалуы.
Инновациялық бағыттағы маңызды алаңдардың бірі – «TURAN» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда заманауи өндіріс орындарын орналастыру, жаңа технологияларды игеру және жоғары қосылған құны бар өнім шығару көзделген. Өңірдің өндірістік мамандануын кеңейту мақсатында машина жасау, электр жабдықтары, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен тоқыма өндірісіне басымдық берілуде.
Өңірдегі технологиялық жаңғыру нақты өндірістік жобалардан да көрініс табуда. Мәселен, Сауран ауданындағы шағын өнеркәсіптік паркте ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, тоңазытқыш жабдықтарын, жиһаз және құрылыс материалдарын шығару бағыттары дамып келеді. Жергілікті кәсіпорындар ұсынған жаңа өнімдердің қатарында ауыл шаруашылығына арналған дрондар, трансформаторлар, электр қозғалтқыштары, генераторлар, сорғы жабдықтары, кабельдер және газ қазандықтары бар. Бұл өңірдегі өндірістің дәстүрлі тауарлардан технологиялық күрделілігі жоғары өнімдерге қарай кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Индустриялық аймақтардағы жобалар нақты экономикалық нәтижелер беруде. Мәселен, Жетісай ауданында «Бирлик-Е» кәсіпорны мақта талшығын қайта өңдеп, мақта иірімін өндіруді бастады. Жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынып, 100 жұмыс орны ашылды. Осы аудандағы «Altyn Kun Group» тамшылатып суару таспаларын өндіру кешенін іске қосты. Отырар ауданында машина-трактор паркі бар мақта өңдеу зауыты, ал Сарыағашта күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады. Аталған жобалар ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеумен қатар, өндірістік технологияларды жергілікті деңгейде игеруге жол ашады.
Инновациялық дамудың тағы бір бағыты – импортты алмастыру. Өңірдің импорттық құрылымына жүргізілген талдау нәтижесінде 153,8 млн АҚШ долларына дейінгі бірқатар тауарды жергілікті жерде өндіру мүмкіндігі анықталған. Қазір осы бағытта жалпы құны 179,2 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, құны 574,8 млрд теңгелік тағы 46 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы техникасы, тоқыма бұйымдары, сусындар, құрылыс материалдары, тұрмыстық және өндірістік жабдықтар шығару бастамалары бар.
Өндірістік жаңғырудың маңызды шарты – кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндіктерін арттырумен қатар, білікті мамандар даярлау. Жаңа өндірістерге инженерлер, технологтер, механиктер, электр мамандары және техникалық бағыттағы жұмысшылар қажет. Сондықтан кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау индустриялық саясаттың ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Сонымен бірге өндірістік аймақтардың тиімділігін тек орналастырылған жобалар санымен бағалау жеткіліксіз. Кәсіпорындардың нақты іске қосылуы, өндірістік қуаттылығының толық пайдаланылуы, өнім сапасы, экспортқа шығу мүмкіндігі және ашылған жұмыс орындарының тұрақтылығы негізгі өлшем болуы қажет. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инвесторлардың мәселелерін жедел шешу және жобалардың мерзімінде орындалуын бақылау да осы міндеттермен тікелей байланысты.
Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуындағы түпкі мақсат – өндіріс орындарының санын көбейту ғана емес, өңір экономикасының құрылымын өзгерту. Шикізат өндіруден оны терең өңдеуге, дайын өнім шығаруға және жаңа технологияларды игеруге көшу облыстың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл өз кезегінде тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпорындардың нарықтағы орнын нығайтуға және Түркістанның өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.













