
Түркістан облысында ғылыми идеяларды тәжірибелік жобаға айналдыруға, жаңа технологияларды әзірлеуге және оларды нақты өндірістік үдерістерде қолдануға мүмкіндік беретін инновациялық орта қалыптасып келеді. Бұл бағытта жоғары оқу орындары, IT-хабтар, стартап инкубаторлары мен кәсіпкерлікті қолдау алаңдарының жұмысы жанданып, ғылым, білім және бизнес арасындағы байланысты нығайтуға басымдық берілуде.
Инновациялық инфрақұрылымның негізгі міндеті – жас зерттеушілер мен кәсіпкерлердің тың бастамаларын қолдап қана қоймай, оларды нарық сұранысына сай өнімге айналдыру. Осы мақсатта өңірде технологиялық жобаларды әзірлеуге, сынақтан өткізуге, мамандар даярлауға және әлеуетті инвесторлармен байланыс орнатуға жағдай жасайтын орталықтар жұмыс істеп, жаңа бастамалар қолға алынуда.
Бұл экожүйенің маңызды буындарының бірі – Түркістан қаласындағы Turkistan Hub өңірлік IT-хабы. Орталық стартап жобаларды қолдауға, цифрлық кәсіпкерлікті дамытуға және жастардың технологиялық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Ашылғаннан бері мұнда 3 500-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен 225-тен астам іс-шара өткізілген. Хаб аясында білім беру кездесулері, тәжірибелік сабақтар, технологиялық іс-шаралар мен жобаларды дамытуға арналған бағдарламалар ұйымдастырылып келеді. Мұндай алаңдарда қалыптасқан идеялар болашақта жергілікті кәсіпорындардың жұмысын жеңілдететін цифрлық өнімдер мен сервистерге айнала алады.
Ғылым мен кәсіпкерлікті ұштастырудағы келесі маңызды бастама – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі YASAWI STARTUP бағдарламасы. Инкубациялық бағдарлама жас кәсіпкерлердің жобаларын бастапқы идеядан дайын өнім деңгейіне дейін жеткізуге бағытталған. Қатысушылар бизнес-модель әзірлеу, өнімді нарыққа бейімдеу, жобаны таныстыру және оны дамыту жолдары бойынша тәжірибе жинақтайды. Бұл университет қабырғасындағы білімді нақты кәсіпкерлік бастамаға айналдыруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы университетте AI STARTUP HUB инновациялық кеңсесі ашылды. Орталық жасанды интеллект негізіндегі жобаларды әзірлеуге, цифрлық шешімдер жасауға және инновациялық кәсіпкерлік экожүйесін дамытуға арналған. Университет мәліметінше, мұнда 25-ке жуық жоба әзірленіп жатыр. Олардың қатарында цифрлық технологияларды қолдану, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және түрлі салаларға арналған жаңа шешімдер жасау бастамалары бар. Сонымен қатар университеттің АҚШ-тағы Silicon Valley экожүйесінде тіркелген ATARINO компаниясымен ынтымақтастық орнатуы жергілікті стартаптардың халықаралық тәжірибе алмасуына және жобаларын сыртқы нарыққа шығаруға жол ашады.
Өңірдегі инновациялық ортаның дамуына халықаралық білім беру ұйымдары да үлес қосуда. Түркістан қаласында жұмыс істеп жатқан Woosong University Kazakhstan IT университеті жасанды интеллект, үлкен деректер, бағдарламалық инженерия және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша мамандар даярлауға бағдарланған. Мұндай білім беру ортасының болуы өңірде технологиялық жобаларды жүзеге асыратын білікті кадрлар қалыптастыруға негіз болады. Университеттің ғылыми және тәжірибелік әлеуетін жергілікті кәсіпорындардың сұранысымен ұштастыру өндірістегі нақты мәселелерге заманауи шешім табуға мүмкіндік береді.
Инновациялық жобалардың өндірістік және инвестициялық ортаға шығуы да маңызды. Осы бағыттағы мысалдардың бірі – YASAWI STARTUP бағдарламасы аясында әзірленген IN-MAP цифрлық платформасы. Ол индустриялық және инвестициялық аймақтар туралы ақпаратты жүйелеуге, жобалар мен өндірістік алаңдар жөніндегі мәліметтерді цифрлық форматта ұсынуға бағытталған. Мұндай шешімдер кәсіпкерлер мен инвесторларға қажетті ақпаратты жедел алуға көмектесіп, бизнес пен технологиялық ортаның өзара байланысын арттыра алады.
Сонымен қатар Түркістан облысында өндірістік кәсіпорындардың технологиялық жаңаруына жағдай жасайтын индустриялық аймақтар мен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. Олардың инфрақұрылымы жаңа өндірістерді орналастыруға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта университеттер мен инновациялық орталықтарда әзірленетін қолданбалы жобаларды осы өндірістік алаңдарда сынақтан өткізу, автоматтандыру және цифрлық басқару шешімдерін енгізу ғылым мен бизнестің байланысын одан әрі күшейте түспек.
Мәселен, агроөнеркәсіп, су шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарын өндіру салаларында ресурстарды үнемдеу, жабдықтардың жұмысын автоматтандыру, өнім сапасын бақылау және логистиканы оңтайландыру бағытындағы технологияларға сұраныс бар. Егер ғылыми орталықтар осы қажеттіліктерді зерттеп, кәсіпорындармен бірлесіп тәжірибелік шешімдер әзірлесе, инновацияның нақты экономикалық және өндірістік нәтижесін көруге болады.
Осылайша, Түркістан облысында инновациялық инфрақұрылымның негізгі элементтері қалыптасып келеді. Ендігі міндет – олардың жұмысын өзара үйлестіріп, университеттердегі ғылыми ізденістерді кәсіпорындардың сұранысымен байланыстыру, стартаптарды қаржыландыру мен коммерцияландыру тетіктерін дамыту. Ғылым мен өндіріс арасындағы осындай тұрақты әріптестік өңірдің технологиялық әлеуетін арттырып, жергілікті мамандардың жаңа өнімдер мен бәсекеге қабілетті шешімдер әзірлеуіне мүмкіндік береді.












