ТҮРКІСТАНДА СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ АЯСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
3

Түркістан облысында «Әділет» партиясы облыстық филиалының өкілдері Олимпиадалық резерв даярлау орталығының ұжымымен кездесті.
Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым міндеттерді түсіндіруге және олардың өңірлік деңгейде жүзеге асырылу барысын талқылауға арналды.
Жиында «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева Жолдауда қамтылған адами капиталды дамыту, сапалы білім беру, жастардың әлеуетін арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағыттарына тоқталды.
Оның айтуынша, елдің тұрақты дамуы ең алдымен бәсекеге қабілетті, білімді әрі дені сау ұрпақ қалыптастырумен тығыз байланысты. Осы ретте спорт саласын дамыту, жас таланттарды анықтау, олимпиадалық резервті сапалы даярлау және спортшыларға қажетті жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Өз кезегінде Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам белсендісі Қыдырәлі Рысбеков Жолдауда көтерілген бастамалардың қоғамдық маңызына тоқталып, жастарды отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке баулуда спорттың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында орталық қызметкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру, жаттығу жағдайларын жақсарту, материалдық-техникалық базаны нығайту және спорт инфрақұрылымын дамыту жөнінде пікір алмасты.
Жиын қорытындысында Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыруда әрбір саланың өзіндік жауапкершілігі бар екені атап өтілді. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың әлеуетін ашу мен ел спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығы айтылды.

Leave a reply