ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгін, Шымкент қаласы, Абай ауданы «Дін Ислам» мешітінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында «Берекелі Тайқазан» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Игі шарада жағдайы төмен 100 көпбалалы отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Осы тұста, ізгі шараға қаржылай қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Бауыржан Молдабаев мырзаға көпшілік алғысын білдірді.
Айта кетейік, биыл қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей қолдауымен 75 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді және ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің қолдауымен «Рамазан қайырымдылық айы» іс-шарасы өтті. Жалпы жергілікті мешіттер мен әкімдік арасында көптеген тағылымы мол жұмыстар атқарылуда, қайырымдылық шарасына да атсалысып жатқан атымтай жомарт азаматтар аз емес.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласында 89 мешіт ҚМДБ-на филиал болып тіркелген. «Шымкент» медресе-колледжінде ерлер мен қыздар бөлімі қатар жұмыс істейді.
Және ҚМДБ-ға қарасты бір «Ықылас» қарилар дайындау орталығында 70 шәкірт, «Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti» жеке қайырымдылық мекемесінде 40 шәкірт онлайн тәлім алуда.