МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖЕРГІЛІКТІ БАҚ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

0
141

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев пен қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, ақпараттық саясат және оны дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

«Әкімнің орынбасары болып қызметке келгеніме көп болмады. Жауапты жұмысқа кіріскелі өздеріңіз жақсы білесіздер еліміз үшін маңызды жайттың орын алғанын. Ол Ата Заңға түзетулер енгізуге байланысты болды. Өзгерістерді халық талқылауына салып референдум өтті. Сол шараға атсалыстық. Түркістандықтардың референдумды қолдауы мен дауыс беруге көптеп келуі бізді қатты қуантты. Ел болашағына бей жай қарамайтын жандардың көптігі қуантады. Міне, бүгін сіздермен жүздесудің сәті түсіп отыр. Мерекелеріңіз құтты болсын. Қала көлемінде ақпараттық қолдау көрсетіп халық пен билік арасындағы алтын көпір болған сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Қандай да бір ұсыныс пен пікірлеріңіз болса ортаға салсаңыздар болады», деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев.

Кәсіби мерекеге орайластырылған басқосуда аға буын ардагерлер жұмысты жетілдіру, ортақ мақсатқа жұмылу жайын қозғады. Сонымен қатар, арнайы клуб ашып, жүйелі кездесулер ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Ақпарат саласының өкілдері қызмет барысында кездесетін жағдайларды тілге тиек етіп, байланысты нығайту шаралары бойынша тілектерін ортаға салды.

 

«Түркістан» газетінің құрылтайшысы Мәлік Дәулетов сөз алып, дөңгелек үстелге келген БАҚ өкілдерін жекелей таныстырды. Өз кезегінде сөз алған ардагер журналист Роза Нарымбетова әріптестерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Бұл басқосуға байқаусызда келдім. Берекелі кездесу болсын. Көптен көрмеген әріптестерді көріп марқайып қалдық. Осы орайда өз ұсынысымды жеткізгім келіп отыр. Ардагерлер мен жас журналистер басы тоғысатын бір қоғамдық ұйым керек сияқты. Қайық білмегенін кемеден, халық білмегенін көнеден сұрайды демеуші ме еді. Пікір мен тәжірибе алмасып ұсыныс пен талап-тілекті билікке еркін жеткізетін орта болса екен», – деді ардагер журналист Роза Нарымбетова.

 

Ерлан Бақытжанұлы көтерілген мәселелердің назарға алынатынын, Түркістанды дамыту жолында әр ұсыныстың маңызы барын атап өтіп, жиналысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады. Қала әкімінің ізгі ниетін жеткізіп, БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетті.

Leave a reply