Биылғы президент сайлауының ерекшелігі неде?
- Биылғы президент сайлауының ерекшелігі неде?
1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Әділетті Қазақстан құру жолында кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа сенім мандаты қажет екенін атап өтті. Сонымен қоса өкілеттілігінің мерзімі жайлы да ұсыныс білдірді. Бұдан былай Қазақстан Республикасының президенті бір мерзімге ғана – 7 жылға сайланады. Яғни жеті жылдан кейін президент болған адам қайтадан сайлауға қатыса алмайды.
«Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын», – деді өз Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша Президент «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау» туралы Жарлыққа қол қойды. Кезектен тыс сайлау 2022 жылдың 20 қараша күні өтетін болды. Осыған орай Президент Қазақстан халқына үндеу жолдады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Сонымен қоса ол сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік берді.
Мемлекет басшысы Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында бұрын-соңды болмаған Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы не үшін қажет екенін түсіндірді.
«Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа – демократия жолындағы батыл қадам. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
- Мемлекет басшысы лауазымына кандидат ретінде кімдер ұсынылды?
Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанға дейін жалғасады. Партиялар мен қоғамдық ұйымдардан Мемлекет басшысы лауазымына барлығы 4 кандидат ұсынылды.
Президенттікке алғашқы үміткер «Ауыл» партиясының өкілі болды. 30 қыркүйекте өткен кезектен тыс ХХ съезінде партия төрағасы Әли Бектаев кезектен тыс саяси кеңестің шешімі бойынша президент сайлауына үміткер ретінде Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Молдахалықұлы Дайрабаев ұсынылатынын айтты. Съезге қатысқан делегаттар Жигули Дайрабаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясына Жигули Дайрабаев құжаттарын тапсырды.
1 қазан күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Ол бүгін Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді.
3 қазанда «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі президенттікке кандидат ретінде «Астана» халықаралық ғылыми кешені Экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкенді ұсынды. Мейрам Қажыкен де Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.
6 қазанда қолдаушылар форумында халықтық коалиция Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына ұсынды. Форумға AMANAT, «Ақ жол», Қазақстан Халық партиясы секілді саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның өкілдері қатысты. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.
- Кандидаттарға қандай талаптар қойылады?
ҚР азаматы болуы;
ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы;
Жоғары білімінің болуы;
Жасы 40-қа толған болуы;
Белсенді сайлау құқығының болуы;
Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің әрқайсысы 118 000 қол жинауы керек. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар үшін сайлау жарнасының мөлшері бүгінде 3 миллион теңгені құрайды.
Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттаманы, дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші және кандидаттың сайлау жарнасын төлегенін растайтын түбіртекті өткізгеннен кейін 5 күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтайды.
- Сайлау қашан және қалай өтеді?
Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтеді.
21 қазан аралығында кандидаттың Конституция және Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі анықталады.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы 21 қазан мен 18 қараша аралығында өтеді. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18:00-де тоқтатылады. 19 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні, ал 20 қараша – дауыс беру күні.
Сайлау 20 қараша күні таңғы сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. 21 қараша мен 27 қараша аралығында алдын ала қорытынды шығарылады. 27 қараша күні нәтижелерді белгілеу және сайланған президентті тіркеу өтеді.
Айта кетейік, ҚР Президенті сайлауы бюллетеньдерінде «Барлығына қарсымын» графасы болады. Яғни сайлаушылар барлық кандидатқа қарсы дауыс бере алады.