Сайрам ауданы орталығында орналасқан «Алтын адам» тігін фабрикасы бүгінде мектеп формасын көптеп тігуде. Фабриканың «Golden Nomad» пен «Алтын адам» киім бренді Қазақстанның өзге өңірлеріне де жақсы танымал.
2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан фабрикада бастапқыда классикалық үлгідегі ерлер киімі тігілген. Фабрика өнімдері Шымкент қаласындағы және өзге өңірлердегі дүкендерге сатылымға шығарылған. Уақыт өте келе ерлер киіміне тапсырыс азайған соң мектеп формасын тігуге көшкен. Фабрикаға 8 жылдан бері бірыңғай мектеп формасына тұрақты тапсырыс берілуде. Жыл сайын 30 мың дана балалардың мектеп киімінен құралған жинақ дайындалады. Бұдан бөлек, теміржол, қорғаныс істері саласы қызметкерлері үшін арнайы жұмыс киімдерін дайындауға да тапсырыс түседі. Мұнда пандемия кезінде 30 мың данадан артық бетперде тігілген.
Фабриканың дайын өнімдері республика аумағында, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы екі дүкенге және жыл сайын өтетін жәрмеңкелерде сатылымға шығарылады. Өнімдерінің сапасы, киюге ыңғайлылығы, мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауы – бәрі-бәрі түгел ойластырылған.
Аталған фабрика заманауи үлгідегі Түркия, Жапония және Қытай елінен алынған автоматтандырылған құралдармен жабдықталған.
Фабрика басшысы Балжан Халмұратованың айтуынша, биыл Алматы облысына қарасты 4 мектеппен келісімшарт түзіліп, 10 мың мектеп формасын әзірлеген. Мектеп формасының ұл және қыз балалар үшін бір жинағы – 14500 теңгеге бағаланған.
Тапсырыс берушілермен келіссөздер жасалған соң қажетті маталарды таңдап, сатып алуға 2 ай, сонан соң киімдерді пішіп, тігу үшін 1 ай уақыт жұмсалып, маталар Түркия, Қытай елдерінен және Алматы қаласынан келісімшартпен сатып алынған.
Фабрикада сексенге таяу адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта тапсырыстың көбеюіне қарай 200-ге жуық адам жұмысқа тартылуы мүмкін.