Экономиканың күре тамыры – кәсіпкерлік

0
112
Президент Қ. Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне баса назар аударып, экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнестің дамуы мен оны әрі қарай жандандыруды айтқан болатын.
Экономиканың күре тамыры – кәсіпкерлік. Кәсібі дамыған елде жұмыссыздық мәселесі болмасы анық. Бүгінде ауданда кәсібінің нә-сібін көріп жүрген жандар аз емес. Соның бірі Шапырашты ауылының тұрғыны Сүйін Бейімбет Жұмабекұлы. Бейімбет Жұмабекұлы Түркияның кәсіпкерлерімен бірлесіп, Ақсукент ауылынан Capable qroup атты бала жөргектерін шығаратын кәсіпорын ашқан. Бұндай жоба ауданда бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Күніне 180 мың жөргек шығаратын кәсіпорынның жұмысы бүгінде қарқынды. 2-ден 6-ға дейінгі өлшемдегі «Симбо бейби» және « Алтын бала» атты екі түрлі жөргек шығарады. Жөргекке оннан астам шикізат түрі қосылады екен. Бұндай шикізаттар мен жөргек өңдейтін технологиялар Түркия мен Америкадан жеткізілген. Өз кәсібін екі жыл бұрын бастаған жас кәсіпкер Бейімбет Жұмабекұлы басқа-басқа емес, дәл осы кәсіп түрін таңдағанын бала жөргегінің күннен-күнге қымбаттап бара жатқанымен байланыстырады. «Сөздің шынын айту керек, бүгінде нәрестелер мен бүлдіршіндерді жөргексіз елестету мүмкін емес.
Ғылым мен технология қарыштаған сайын, өмір сүру жеңілдей береді. Қазір сәбилерге кигізетін бір реттік жөргек – аналар үшін таптырмайтын көмекшіге айналды. Жаялық жуып шарша-
майсың. Нарықты жаулаған жөргектің сан түрі бар. Ұлға дейсіз бе, қызға дейсіз бе түр-түрі бар.
Бір күнде бірнеше жөргек қалтаға әжептеуір салмақ салады. Сондықтан осындай өнімдерді өзімізден шығарып, қол жетімді бағада сатуды жөн көрдік» дейді ол. Кәсіпкер кәсіпорынды ашуда аз еңбектенбеген. Түркияның жөргек шығарудың қыр-сырын меңгерген бірнеше мамандарымен бірлесіп қолға алған.
Бейімбет үшінші топ мүгедегі. Қазірше мемлекет тарапынан мүгедектігіне байланысты салық төлеуден босату сынды көмек түрін қанағат тұтып, өз арбасын өзі сүйреп жүрген жайы бар.
Сонымен қатар, 40-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Операторлар техникалық аппаратқа шикізаттарды салып, жөргек дайындаумен айналысса қалған жұмысшылар дайын болған өнімдерді жинап, арнайы қалташаларға салып қаттаумен айналысады. Мұнда дайын өнімдерді есептеп сатумен айналысатын мамандар да қарастырылған. Жұ-мысшылар 8 сағат бойы жұмыс істейді. Олардың арасында бірнеше мүгедектігі бар азаматтар бар. Азаматтардың денсаулығына байланысты бірнеше сағаттық жұмыс уақыты қарастырылған.
Бұрын-соңды бұндай орында жұмыс істемеген жұмысшылар үшін шет елден келген техникада жұмыс істеу әсте оңай емес. Осы себепті Түркиядан осы кәсіпте шыңдалған бірнеше мамандарды алдыртқан. Олар техниканың тілін жетік меңгерген. Соның бірі Энес Карабулут. Карабулут 1998 жылдан бері бала жөргектерін шығаратын зауыттарда жұмыс істеген. Әзірбайжан, Беларусь, Иран, Ирак, Тунус, Өзбекстан, Түркия, Қазақстан сынды елдерде жөргек шығаратын кәсіпорындардың ашылуына сеп болған.
Кәсіпорынның жауапты қызметкері Бегжан Ақкөзов. Оның айтуынша бізге техниканың тілін білетін мамандар керек -ақ. Кейінгі кезде жөргектерге тапсырыс өте көп түсіп жатыр. Еліміздің барлық аймағына таратылады. Шет елге шығару жоспарда бар. Алдағы уақытта тапсырысқа сай ересектерге де арналған жөргек шығаруды қолға алмақ.

Leave a reply