Ірімшіктің төрт түрін өндіреді
Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында ірімшіктің төрт түрін өндіретін «Рассвет» деп аталатын өндірістік кооператив бар. Аталмыш ауданға іссапармен барғанда осы өндірістік кооперативтің басшысы Жанболат Алпысбайұлына жолығып, зауыттың жай-күйімен танысқан болатынбыз.
Өндіріс орны екіге бөлінген. Оның үлкен бөлігінде ірімшік өндіріледі екен. Ішке енгеннен бізге Түркиядан әкелінген техникалардың гүрілдеген дауысы зауыттың жұмысының қыз-қыз қайнап жатқанын аңғартты. Ақ халат киген қызметкерлер өңделген сүт өнімін қалыптарға салып, мұздатқышқа жөнелту үстінде екен. Мұнда жақында әкелінген бір аппарат ірімшікті аспаздар жылдам әзірленетін тағамдардың (мәселен, пиццаның) бетіне сала қоятындай етіп турап беретін көрінеді. Зауыт қызметкерлері бүгінде бұл өнімге де сұраныстың артып отырғанын жеткізді.
Ірімшік өндірілетін сектордан кейін құрт жасайтын аймаққа өттік. Қазір құртты да қолмен жасайтын заман емес қой. Оның да өзіндік технологиясы мен техникасы бар. Сол техника көз алдымызда бір мезетте бірнеше құртты дөп-дөңгелек етіп шығара салды. Бұдан 10 күн бұрын жасалған құртты жеп көрдік. Сыртына майы сап-сары болып шығып тұр. Базардағыдай қатты да емес. Тіске жұмсақ тиеді екен.
Өндіріс орнының жұмысымен танысып болғаннан соң копператив басшысы Жанболат Алпысбайұлымен тілдестік. Мұнда қазіргі таңда ірімшіктің төрт түрі өндірілуде. Оның бірі – жоғарыда айтып өткеніміздей, жылдам әзірленетін тағамдарға арналған «Мацарелла» деген ірімшік. Ол «Крал» деген сауда белгісімен шығарылады екен. Екіншісі – таңғы асқа арналған «Сұлтан сыр». Үшіншісі – «Голландский сыр» болса, төртіншісі «Гауда» деп аталады.
Жанболат Алпысбайұлы өндіріске қажетті сүт өнімінің жергілікті жерден әкелінетінін айтады. Жаз мезгілінде тәулігіне 25 тоннаға дейін сүт өнделетін болса, қазір күннің салқындауына және қыс мезгілінің жақындауына байланысты оның көлемі біраз азайған.
Зауытта ірімшіктің дәмін, жасалу технологиясын күнделікті қадағалап отыратын Түркия елінен келген арнайы маман бар. Өндірістік кооператив өндірген әрбір ірімшік 30 күнге дейін 4 градуста сақталынады. Кейіпкеріміз бүгінде өнімдердің сұранысқа сәйкес еліміздің солтүстігі мен шығысына тасымалданып жатқанын да жеткізді.
Зауытта жергілікті жердің 20 тұрғыны еңбек етуде.
Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».