Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы
Түркістан қаласы қайта түлеуді бастады. Түбі бір түркі елдері рухани орталық ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналды, дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қала қазір 3 бағытта дамып келе жатыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағы толығымен абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалуда. Ясауи мен Рәбиға Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тарихи, мәдени орталық көз қуантатындай жасалып келеді. Осындай рухани, мәдени орталықта Визит орталығы, «Ұлы дала» орталығы, Ясауи музейі, Фараб кітапханасы, театр, республикамыздағы алғашқы халықаралық туристік және меймандостық университеті сияқты бірнеше маңызды нысан бой көтерді.
Түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі туристердің қызықтап, арнайы ат басын бұратын орынның бірі «Керуен сарайы». Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. 188 гектар аумақты алып жатқан кешен шаһарға ерекше көрік беретін ауқымды жоба. Мұнда қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар мен тарихи-сауда көшесі бар. Сондай-ақ, жасанды көл кешеннің көркін келтіріп тұр. Бұл алып кешен Түркістанның рухани-мәдени орталығының бір бөлігі ғана дерсіз. Себебі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің аумағы толықтай түрленіп, сәулеттік сән салтанаты жарасқан орынға айналды. Осыдан үш жыл бұрын құрылысы қызған сектор аумағында қазір бірнеше мұражай, технологиялық кітапхана, театр мен неке сарайы бой көтерді. Түркістанда туризмді дамытуға басымдық берілген. Жан-жақты жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға қолдау көрсетіліп, екі жақты келісім жолға қойылды. Нәтижесінде 1,5 миллиардқа жуық АҚШ долларының инвестициясы тартылды. Гүлмира Ахбердиева, облыстық Туризм басқармасының басшысы: – Осы жылдың төрт айында «Әзірет – Сұлтан» кешеніне келушілер саны жарты миллионға жетті. Яғни облыс орталығы Түркістанға көшірілген сәттен бастап келушілердің өсу қарқыны 161% құрайды. Ал көне шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығы ұлттық нақыш пен заманауи жаңашылдықтардың ұштасқан ордасы. Мұнда облыс әкімдігінің жаңа ғимараты, конгресс-холл мен медиа орталық бой көтеріп, пайдалануға берілді. Кейбір әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы әлі де жүргізілуде. Ғалымжан Төлегенов, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының м.а.: – Қазіргі таңда теннис орталығы, мұз сарайы, ескек есу, ат спорты кешені басталып кетті. Ол осы екі жылдың көлемінде бітетін болады. 2023 жылы. Сонымен қатар әкімшілік-іскерлік аумағында туристік рекрациялық орталығы салынуда. Жасанды көл. Ол жерде демалыс орны болады. Аймақтың тағы бір жетістігі – өз әуежайының пайда болуы. Қазір Түркістаннан еліміздің барлық ірі қалаларына ұшуға болады. Түркия мен Қырғызстанға халықаралық әуе рейстері де бар. Болашақта Ташкентпен әуе қатынасын жандандыру жоспарланып отыр.
Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлке де ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар шежірелі тарих болып қалмақ.
1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласынан бастамақпыз. Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», — деген болатын.
Түркістан қаласы – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығысында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен (Қызылорда) солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер. Бүгінде Түркістан қаласы тұрғындарының саны 250 мыңға жетіп отыр. Түркістан қаласы – Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған.
Шавғардан Түркістанға дейін
Түркістан қаласының тарихы 2 мыңжылдықтан бері келе жатыр. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала.
XІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынған кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде қазақ хандары жерленген. Сондықтан да биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Түркістан қаласының маңызы өте зор.
Қаланың тарихи туризм әлеуеті зор
Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық музей ретінде құрылған «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейін» айтуға болады. Тарихи музей қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т. б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, қала басындағы тарихи музейлер мен тарихи мәдени орталықтар – туристерді өзіне шақыра алатын нысандар. Саяхат сапары Күлтөбе қаласынан бастау алады. Өйткені Күлтөбе – қазіргі Түркістан қаласының ескі орны. Бүгінгі таңда ескі қаланың жоғарғы қабатының тарихи белгілері бұзылған. Бірақ саяхаттаушы туристерге ескі қала орны ерекше қызығушылық тудыратыны анық. Сондай-ақ Күлтөбеден Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған.
Тағы бір қала орны – ортағасырлық Түркістан қаласы. Бұл төңіректе ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары салынған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3 шақырымға жуық. Стратиграфиялық зерттеулер бойынша қала цитаделі Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVI ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған.
Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің үстінен салынған. Бұл ғимаратты атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстарының бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.
Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға катысып, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған еді. Сол Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда бұл құрылыс XVII ғасырда салынған.
Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Рабия Сұлтан бегім кесенесі жобасында төртбұрышты. Ол ішкі сегіз қырлы және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілқайырдың әйелі болған.
Қылует жер асты мешіті (XII-XIX ғасырлар). Қылует жер асты мешіті Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікте, 150 м жерде орналасқан. Қылует жер асты мешітінің салынуы Ахмет Иасауи есімімен байланысты. XII-XIX ғасырлар аралығында салынған құрылысты XX ғасырдың 40 жылдарында толығымен бұзып қыштарын зауыт салуға қолданған. Археологиялық архитектуралық зерттеулермен 1941 жылы жасалынған макетке сүйене отырып Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген.
Ортағасырлық монша (XVI ғасыр). Ортағасырлық шығыс моншасы Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік шығыста, 150 м жерде орналасқан, жеті бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген, 1979 жылдан бастап оның негізінде Шығыс моншасы музейі ашылған. Құмшықата жер асты мешіті (ХІІ ғасыр). Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым жерде орналасқан. Жер асты мешіті сопыларлың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Күйдірілген қышпен салынған.
ЮНЕСКО мойындаған — Түркістан
Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытындағы саяхаттың ендігі мақсаты музейлер мен мәдени орталықтарда жалғаспақ. Мұндай нысан қатарына алдымен осыдан 5 жыл бұрын ашылған «Түркістан тарихи-мәдени этнографиялық орталығын» айтуымызға болады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған орталықта ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер қоры туристерге көрсетіледі.
Түркістан тарихи музейі. Қаладағы ХІХ ғасырда әскери казарма болған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи музейге айналдырды. Түркістан тарихи музейінің экспозициясы 8 бөлімнен тұрады: Тас, қола және ерте темір ескерткіштері, түркі кезеңіндегі Түркістан оазисі, Шауғар қаласы, Ясы қаласы, Қожа Ахмет Иасауи – «Түркістан пірі», Ескі Түркістан қаласы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында, этнотуризм аясында туристерді тарта алады.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.