Елімізде мектеп формасы мен оқу құралдарына берілетін 40 мың теңге көмекті кімдер ала алады

0
271

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 400 мыңнан астам бала мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Infonews.kz сайты хабарлайды. 

Министрліктің хабарлауынша, бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылмақ.

Биыл әрбір оқушыға киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алуы үшін 40 567 теңгені құрайтын қаржы бөлінеді. Қаражат ата-аналардың карточкалық шоттарына аударылады.

“Бұл қаражат ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарларын өз бетінше таңдап алуы үшін беріледі. Қабылданған шешім ата-аналар мен балалардың жеткізушілерді өз бетінше таңдауына мүмкіндік береді және сапасыз тауарларды ұсынуды болдырмайды”, – деді Бала құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% оқумен қамтамасыз ету үшін Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. “Всеобуч” қорының қолдауы аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі отбасы балаларына материалдық көмек көрсетіледі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ апатты жағдайға душар болған мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетіледі. Оның ішінде Абай ауданындағы орман өртімен күресте қаза тапқан азаматтардың балалары да бар.

Білім министрлігі өткен жылы мектеп жинақтарын сатып алу сомасы 17 мың теңгеден басталғанын еске салды.

Leave a reply