Тимур Құлыбаев мұнай кенішінен 11 миллиард теңге дивиденд алады
Тимур Құлыбаев мұнай кенішінен 11 миллиард теңге дивиденд алады. “Каспий Мұнай” АҚ өзінің жалғыз иесін рекордтық дивидендтермен бірінші рет қуантып отырған жоқ. 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында Құлыбаев бір акцияға 356 мың теңгеден жалпы сомасы 36,6 млрд теңге алған. Экс-президенттің күйеу баласына ақша 2022 жылдың 21 қарашасынан бастап беріле бастаған. Бұл туралы Infonews.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылдың 5 маусымында Қазақстан қор биржасы (KASE) Каспий мұнайының акционері 2022 жылға жай акциялар бойынша дивидендтерді таратпау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Таза табыс сомасы кәсіпорынның бөлінбеген пайдасына бағытталды. Бірақ арада екі ай өтіп, Тимур Құлыбаев өз ойын өзгертті. Енді ол өткен жылдың ғана емес, биылғы жылдың бірінші тоқсанының да дивидендтерін алуды ұйғарды.
31 шілдеде ол жалғыз акционер ретінде 11 млрд теңге (бір жай акцияға 110 мың теңгеден) алуға шешім қабылдады
2022 жылдың үш тоқсанындағы бұрынғы дивидендтер есепке алынды ма, әлде Тимур Құлыбаев екі рет ақша алуды ұйғарды ма, әзірге белгісіз. 2022 жылғы талдау жасалған қаржылық есеп бойынша пайда 49 млрд теңгені құрады. Ал 2022 жылы төленген дивидендтер 142 млрд теңге болды.
“Каспий Мұнай” АҚ Айранкөл кен орнында шикі мұнайды барлау, өндіру, алғашқы өңдеу, тасымалдау және сатумен айналысады. Ол Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан. Компания келісімшартты 2004 жылдың 15 қазанында алды. Сонымен қатар, компанияның мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудамен айналысатын “Caspian Oil Trading” ЖШС еншілес кәсіпорны бар. Айранкөл кенішіндегі көмірсутегін де сол арқылы өткізетін көрінеді.
Өткен жылдың кірісі 197 млрд теңгені құрады. АҚ өз қаражатының басым бөлігін басқа елдерге шикі мұнай сатудан алды.
Сондай-ақ 2022 жылы негізгі қызметкерлер 325 миллион теңге сыйақы алған. Ал директорлар кеңесіне 55,8 млн теңге көлемінде өтемақы төленген.
Еске салайық, бұған дейін “Транстелеком” акционерлері 2022 жылға дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған болатын. Жиында экс-президенттің немересі Нұрәлі Әлиев төраға болып қайта сайланды. Қаржылық есеп бойынша компания 11 млрд теңге шығынға ұшыраған.