ӘЖЕЛЕРІМ ӘДЕМІ ӘДЕБІМЕН

0
126

Өткен жылы киелі Түркістанда «Ата – баба дәстүрі – ұрпаққа аманат!» бағдарламасы аясындағы «Әже – ұлт ұйытқысы» атты облыстық форум өткізілді. Осы форум барысында Сауран ауданының әжелері аса белсенділік танытып, үздік атанды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы да ұлттық құндылықтарды сақтаудың қайнар көзі әжелер екендігін жоғары бағалап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз, -деген болатын.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың діннен кейінгі ең күшті құралы – салт-дәстүрі. Ұлттық сана мен ақыл – парасатты әдет-ғұрып, салт-дәстүрден табамыз»-депті.
Биыл Президенттікке қайта түскелі отырған Ресей Президенті жақында тікелей эфир өткізіп оған 4 миллионнан астам сұрақтар қойылды. Соның ішіндегі ең ерекшесі кішкентай Юлия деген қыздың сұрағы болды. Ол Президент Путиннен: «Менің әке –шешем жұмыста. Мені әжем бағып отыр. Сіз елді робототехникаға көшірсеңіз әжем мен менің тағдырым не болады». Бұл сұраққа Путин: «Есіңде болсын Юлия. Мен Президент ретінде турасын айтайын. Сенің әжеңді ешқандай робот алмастыра алмайды!» – деп жауап берді. Шындығында әз әжелерімізді ешқандай адамзат пендесі мен техникалық құрал алмастыра алмаса керек. Ендеше, Сауран ауданындағы үлкенді- кішілі рухани тәрбие саласындағы бұқаралық шаралардың бел ортасынан көрініп жүрген әжелеріміз туралы тарата әңгімелейік.
Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Адами қасиеттері ерекше көрінетін алысқа да, жақынға да жібек мінез, ықыласты мейірімімен, қарымды сөздерімен, айшықты әңгімелерімен ұйытқы болып жүрген әжелеріміздің ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі.

Leave a reply