САУРАН: ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ – МІНДЕТІМІЗ

0
157


Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді.
Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» қабылданған Конвенцияларды атауға болады.
Одан кейінгі тәуелсіздік жылдарынан бастап, қоғам мен мемлекеттің тарихимәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады. Заңнамада археология, ансамбль, киелі обьектілер, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондайақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган Мәдениет және спорт министрлігі болып табылады.
Жергілікті тұрғындар арасындағы көп кездесетін сұрақ болғандықтан монументті өнердің жаңа құрылыстары уәкілетті органның шешімі негізінде жүзеге асырылатынын атап өткім келеді.
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығына сәйкес, ұсыныстар уәкілетті органның монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясымен қаралады. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады. Археологиялық зерттеулерді заңсыз жүргізу жағдайларына келер болсақ, қазіргі таңда далалық жерлерде белгісіз кен іздеушілер немесе «қара археологтар» металл іздегіш радарлармен археологиялық ескерткіштерді қазып, талқандап кету жағдайлары көп кездеседі. Олардың әрекеті ескерткіштің мәдени қабатын жойып, сақталған құрылысын анықтауға нұқсан келтіреді, құнды жәдігерлердің қайтарымсыз жоғалуына әкеліп соғады.
Сондай-ақ, осы аталған заңдылықта уәкілетті органмен археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының жоспары жасақталып бекітіледі. Жоспардан тыс археологиялық қазба жұмыстары заңсыз болып табылады. Осы орайда, арнайы тексеру рейдтерін жүргізіп, кез келген күдікті деп танылған әрбір әрекет бақылауға алыну керек. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық кодексiнің 295-бабына сәйкес, археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу бойынша тарихи-мәдени мұра объектісінде археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу – іздестірудің арнайы техникалық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихы мен мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келетіні белгілі. Ғылыми-жобалау құжаттамалары – тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін ғылыми-зерттеу құжаттамалары, реставрациялау жобасы, жобалау-сметалық құжаттамалары, ғылыми-реставрациялық есеп құжаттарының кешені.
Одан әрі бекітілген ғылыми-жобалау құжаттама және келісімшарт негізінде мердігер жүргізеді.
Жаңа заң жобасына сәйкес, ғылымиреставрациялау жұмыстарын жүргізу облыстардың жергілікті атқарушы органдарының келісуімен, уәкілетті орган – Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына енгізіледі.
Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткiшi немесе оның қорғау аймағына зиян келтiрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткiшiн немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге мiндеттi.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Заңының 145- бабы бойынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 203-бабы бойынша ерекше құндылығы бар заттарды қасақана бүлдіру – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес, жергiлiктi жердің атқарушы органдары өз аумағында тарихимәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тарих және мәдениет ескерткiштерiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап қалудағы негізгі шаралардың бірі – аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бө¬ліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексі 127- бабы бойынша тарихи-мәдени мақсаттағы жер тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады. Бұл жөнінде «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» заңының 39-бабында да аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс деп қарастырылған. Яғни, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 145- бабы бойынша аумақтарды игеру кезiнде жер учаскелерi бөлiп берiлгенге дейiн тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектiлердi анықтау жөнiнде зерттеу жұмыстарын жүргiзбеу заңбұзушылық болып танылып, жауапқа тартылады. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету болып табылады.
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ

Leave a reply