ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

0
83

Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев Түркістан қаласының тарихына қатысты сенсациялық мәлімдеме жасаған болатын. Ғалымның айтуынша, бұрында қаланың 1500 жылдығы кеңестік кездегі мәліметтерге сүйеніп атап өтілген. Ал бүгінгі археологиялық деректер бұл қаланың негізі осыдан отыз ғасыр әріде қаланғанын көрсетеді. Біз осы және өзге мәселелер бойынша академик Б.Байтанаевқа бірнеше сұрақ қойып, әңгімесін жазып алған едік.
Тарихты қорғау − елді қорғаумен бірдей

Өзге халықтар сияқты қазақтардың көнеден келе жатқан тарихы бар, мем­ле­кет­тілігі бар. Өйткені қазақ ұлты аспаннан түс­кен жоқ, мыңдаған жылдар бойы ұлы да­лада ғұмыр кешкен халықтардың ұрпағы, им­перия болған мемлекеттердің жалғасы. Бі­рақ бүгінде қазақтың тарихы жоқ, оларда мем­лекет болмаған деген сияқты әңгі­ме­лерді айтатындар бар, әсіресе ондай қаса­қа­­на бұрмалаушылық кейінгі кезде солтүс­тіктегі көршімізден шығып жатыр. Бір жа­ғынан ондайларға ақталып, сөзді шығын қылу­дың өзі күлкілі, бірақ үндемей қалуға да болмайды.
Тарих − шындықты ғана мойындайтын ғы­лым. Осы тұрғыдан келгенде, мем­ле­кет­тердің негізін салғандар, оны құрып да­мыт­қан­д­ар, күшейтіп, көркейткендер әрдайым құр­метке лайық. Сондықтан қай кезде бол­са да қазақ мемлекетіне кішкене болса да пайдасы тиген тұлғаларды да ұмытуға бол­майды. Біз Қазақ хандығын құрған, оны бас­қарған тұлғаларды неге көкке көтере дәріп­тейміз? Себебі олар арғы дәуірде осы біз жасап отырған мемлекеттің негізін сал­ды, территориясын қалыптастырды, ұлтты ұйыстырып біртұтас халыққа айналдырды.
Мен кеңестік кезде білім алып, ғалым бол­ған адаммын. Бірақ сол кездің идеясына жа­нымды салып қызмет еткен жоқпын, әри­не, комсомолда болдым, бірақ партияға кір­ген жоқпын. Ұлттарға арналған саясатын да қолдамаймын. Айтайын дегенім, бүгінде ел­дің бәрі кеңес үкіметінің саясатын сы­нағанда оның негізін салған Ленинді де іске ал­ғысыз қылып тастайды ғой, бірақ ол кі­сінің де тарихи еңбегі болғанын жоққа шы­ғаруға болмайды. Ол алғаш рет ко­ло­ниалды саясатты құртқан адам. Патшалық Ресейді құлатып жаңа Үкімет құрған соң Ленин «Бұрын Ресей империясының құра­мында болып келген әр ұлттың өз мем­ле­кеті болуы керек» деді. Сөйтіп 1920 жыл­ғы 26 тамызда В.Ленин «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декретке қол қойды. Содан кейін әр ұлттың өз ішінен құ­­­рылған комиссия өз территориясын ай­қындауға кірісті. Қазақстанның ең алғаш жа­салған картасы бар, Ташкентте архивте жатыр. Өз қолыммен ұстап көргем. Сол кар­тада қазіргі Ресейдің Орынбор, Астрахан об­лыстары Қазақстан аумағында екені көр­сетілген. Ал Қазақстанның Орталық Азия жа­ғындағы шекарасын белгілегенде ұлт­тардың орналасуына қарай да жұмыстар жүр­гізілді. Мәселен, сол кезде осы аумақта түр­кілер бұрын қатты бөліне қоймаған еді, сарт­тар, Ферғана қыпшақтары, құрамалар бол­ды. Соларға қазақ не өзбек, не тәжік бо­лып жазыласыңдар деген сияқты белгілі ұлттың құра­мы­на кіру талап етілді. Солай­ша қазаққа қосылғысы келгендер қазаққа, өзбекке қосылғысы келгендер өзбекке қо­сылды, қарақалпақтар өз алдына бөлініп шық­ты. Мен бұл жағдайға қатысты құжатты қолым­мен ұстап көрген кісімін.
Сөйтіп ғылыми тұрғыда қазақтың тер­риториясы белгіленіп, аумағы анықталды. Ал ХХ ғасырда тәуелсіздік алған соң Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен Ресей, Қытай, Орталық Азия мемлекеттерімен құрлықта 14000 шақырымдай ұзындықта ше­карасын бекітіп, оны күллі әлемге мойын­датқан ел. Сондықтан бүгінде өз­гелер­дің біздің ұлтымызға, тарихымызға, мем­лекеттік тұтастығымызға күмән кел­тіруі надандық не дұшпандық.
Міне осы тұрғыдан алғанда, тарихы отыз ғасырға жуықтайтын Түркістан секіл­ді қалаларымызды дәріптеп, оның өте көне мәдениеттің туындысы екенін дәлелдеп жүрсек, ол біздің қандай мұраға ие халық еке­німізді әлемге танытары сөзсіз.

Түркістан қаласының іргетасы өте ертеде қаланған

Урбанизация деген үдеріс бар, қазақ­шаласақ − кенттену, яғни қалалардың пайда болып ірілене түсуі, қалалық мәдениеттің қалыптасып, рөлінің күшеюі. Сондықтан әр қа­ланың пайда болу тарихы, маңызы, өзін­дік ерекшелігі бар. Ал ұлы дала аумағындағы қа­лалардың пайда болуы экологиялық жағ­да­йларға байланысты. Халықтың көші-қо­ны жайлы өмір сүруге жайлы жер іздеуі олар­дың климаты жайлы жерлерге тығыз қо­ныстауына әкеліп, содан қалалар пайда бол­ғаны анық. Сондай қаланың бірі – түркі әлеміне аса қадірлі, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы. Оның тарихы тым әріден басталады.
Орталық Қазақстан аумағында қола дәуірі мәдениеті болған. Міне сол қола мә­де­ниеті Түркістан қаласы аумағынан та­бы­лып отыр.
Түркістанның кенттенуі төрт кезеңге бө­лінеді.
1. Ерте дәуірдегі кезең − біздің дәуі­рі­мізге дейінгі XV ғасыр.
2. Ертедегі қаңлы дәуірі − біздің дәуірі­мізге дейінгі ІІ ғасыр.
3. Қараханидтер дәуірі − Х ғасыр.
4. Монғол-темуридтер кезеңі − ХІІІ-ХІV ға­сыр.
Түркістан, негізінде бірнеше қа­ладан құралған. Археологиялық ны­сандар оның аймағында бірнеше қала бар еке­нін көрсетеді. Олардың орталығы, ғұ­рып­тық кешендері, киелі орындары, зират­тары болған.
Түркістан қаласы аумағында Шойтөбе, Қара­шық секілді археологиялық ескерт­кіш­тер, Шипан, Шербай (қола ғасырында жа­та­ды) зираттары бар. Бұларға жүргізілген қаз­ба жұмыстары құнды мәліметтер берді. Ай­та кету керек, бұрындары Түркістанда ір­гелі археологиялық іргелі зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілген жоқ. Кейінгі зерттеулер ежел­гі Түркістанның кенттенуінің өзіндік те­рең тарихы бар екенін көрсетеді. Түр­кі­стан аумағындағы археологиялық ке­шен­дерді зерттегенде қала аймағындағы екі ежел­гі қорымнан табылған жерлеулер мен ат­рибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ға­сырға жататынын көрсетеді. Бұл сол дәуір­де өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осын­да жерлегенін және осы қаланың ау­мағында өмір сүргенін дәлелдеп тұр.
Махмуд Қашқаридің айтуынша, бұл ара­ны оғыз, қарлұқ тайпалары мекен еткен. Сол сияқты мұнда қыпшақтар да тұрған.

Түркістан қай кезеңде қалай дамыды?

Түркістанның тарихына қатысты әдеби деректер бар және оған қатысты әде­би деректер жоқ кезең бар. Сондықтан жаз­­ба дерек жоқ дәуірді білу үшін архео­ло­гиялық зерттеулер жүргіземіз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түр­кі­стан қаласының алғашқы кенттенуі қола ға­­сырына жатады (ғылымда Қазақстан же­­ріндегі қола дәуіріне жататын ескерт­кіш­терді шартты түрде Андронов ескерткіштері деп атайды, оның соңғы дәуірі − Беғазы-Дән­дібай кезеңі). Яғни біздің дәуірімізге дейін­гі XV ғасыр. Оны дәлелдейтін Түр­кі­стан­дағы қола ғасырында адам қойылған зи­раттар және солардан табылған жәді­гер­ліктер. Қола дәуірінде кенттенудің себебі ұлы далада құрғақшылық болып, соның се­бебінен халық таулы, сулы жерлерге көше бастайды. Солардың бір тобы Сырдарияға жа­қын орналасқан Түркістан маңына топ­тасқан.
Түркістанға қатысты кенттену үде­рі­сінің тағы бір кезеңі − біздің дәуірімізге дейін­гі ІІ ғасырдағы Көне Қаңлы кезеңі. Ол кезде Сырдарияның орта ағысы мен Арал маңында жасаған сақтардың Шірік Рабат, Ба­бышмола секілді қалаларында қалың қабырғалы монументалды ескерткіштері бол­ған. Ал Күлтөбеден табылған мате­риал­дар біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда өмір сүруін тоқтатқан Шірік Рабат мәдениетімен генетикалық байланысы барлығын көрсетіп отыр. Осыған байланысты Күлтөбедегі ст­ратиграфикалық зерттеулер Түркістанның кент­тенуінің екінші кезеңін анықтауға мүм­кіндік береді. Түркістанның кенттенуі Түркі қағанаты дәуірінде болған. Мәселен, Түр­кістан қаласы аумағындағы Күлтөбе қа­лашығынан ІХ ғасырға жататын құмыра та­былған. Құмыраның сыртында руни­ка­лық әріптермен жазылған жазу бар. Демек бұл қалада ежелгі түркі тайпалары да өмір сүр­ді деген сөз.
Одан кейінгі Түркістанға қатысты бір ке­зең − қараханидтер дәуірі. Оны оғыз-қарлұқ кезеңі деп атаса да болады. Міне сол кезде пайда болған Қарашық қалашығы Түр­кістанның манында тұр. Ол туралы Мах­муд Қашқари «Қарашық − Фарабтың атауы, ал бұл – оғыздар қаласының аты» десе, Х ғасырда өмір сүрген араб ғалымы әл-Мак­диси «Шавгар − айналасы дуалы, үлкен рус­тикалық ауданы бар үлкен қала. Базар­дың шетіндегі мешіт. Ол үлкен жолдан алыс», − деп жазған. Шағбар − Түркістанның ежел­гі атауларының бірі. Демек, ол тұстан бұл қала алыс-жақыннан керуен келіп тоқ­тайтын, сондай-ақ, даламыздағы жиһан­кез­дердің назарын аударатындай белгілі қа­лалардың бірі болғаны байқалады.
Түркістанның соңғы даму кезеңі моң­ғол-темуридтер кезеңіне сәйкес келеді.
Темуридтер мемлекетінің негізін салған Әмір-Темір (Темір бін-Тарағай Барлас, 1336-1405) екені мәлім. Ол таза түркі тұқымынан болғасын түркітектестерді біріктіріп, үлкен им­перия құрғысы келді. Ол жолда оған ке­дергі болатынның бірі о баста монғол, кейін түркіленген мемлекеттің билеушісі Тоқ­тамыс еді. Тоқтамыс билеген тұста ол мем­лекет Алтын Орда аталған емес, тек кейін жеткен деректерде солай аталады. Ол та­рих­та Жошы ұлысы атанған.
Әмір Темір заманында ел билеу тек Шың­ғыс ханның ұрпағына тиесілі болғаны мә­лім. Сондықтан Шыңғыс тұқымдары үшін Әмір Темір ешкім емес. Бірақ ол Шың­ғысханның тұқымдары билеп отырған елді күйрете жеңді. Тоқтамыспен соғысуға бара жа­тып ол Сарыарқадағы Ұлытауға тоқта­ған­да сол жердегі Алтыншоқы тауына мы­на­дай жазуды тасқа қашатып жаздырды:
«Қайырымды, мейірімді Алланың аты­мен бастаймын! Өмірді және өлімді беруші де данамыз! Тарихтың жеті жүз тоқсан бірінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы Тұранның сұлтаны Темір бек екі жүз мың әскермен Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қар­сы соғыспаққа жүрді. Бұл жерден өтіп бара жатып белгі болсын деп қорған тұр­ғызып, жазу қалдырды. Тәңірім нәсіп бер­сін! Тәңірім ел адамдарына рақым қылсын! Олар бізге дұға арнап, еске алсын! Әмин! Тұранның сұлтаны Темір бек».
Жазуға қарасаңыз өзін «Тұранның сұл­таны Темір бек» деп атайды. Демек ұлы Тұ­ран мемлекетін құруды армандаған, кейін соны құрған адамның ойында сол кезде Орталық Азияда түркітектестерді бі­рік­тіру тұрғаны анық.
Бұл жорыққа шығып бара жатқанда Әмір Темір Яссыда болған. Сол кезде құлап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің зиратын көр­ген. Сөйтіп Тоқтамысты жеңгеннен кейін қайтып келіп оның басына үлкен сәулетті кесене салғызуға жарлық берген. Бұл жайын­да Шараф-ад Дин Әли Иазди Темірдің өмірі туралы жазған «Зафарнама-йи Ти­мури» («Темірдің жеңістері туралы кітап») де­ген еңбегінде баяндайды. ХІV ғасырдың ая­ғын­да кесене біткен соң Әмір Темір «Қол­хат» жазып, ғимараттың «ешқашан да, қан­дай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік се­кілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе тү­бегейлі біреуге беруге болмайтынын қат­ты ескерткен». Кесененің ішкі маң­дай­ша­сында қазірге дейін сақталған жазуда: «Бұл әулие мекені Алла Тағаланың рахымы жау­ған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жар­лығы бойынша орнатылды… Алла Тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!» деген сөздер бар. Осылайша түркі халықтарынан шыққан діни ғұлама, ақын пәлсапашы Қожа Ахмет Ясауиге кесене салынған соң Түркістан қаласы мүлде өз­геріп, даңқы шартарапқа жайылды. Қазір бұл қаладағы кесене дүниежүзіне белгілі сәу­лет ескерткіштерінің біріне айналды.

Түркістанның жаңа дәуірдегі дамуы аса маңызды

Жұртқа мәлім, 2000 жылы Түркістан қа­ласының 1 500 жылдығы аталып өтті. Бірақ ол жоғарыда айтып кеткеніміздей кеңес­тік дәуірдегі мәліметтерге, атап айтар болсақ, бұрынырақта шыққан қазақстандық ар­хеолог Ерболат Смағұловтың «Түркістан не­ше жаста?» деген мақаласындағы де­рек­терге сүйеніп жасалған шара еді.
2004 жылы Елбасының бастамасымен қол­ға алынған «Мәдени мұра» атты тең­дессіз бағдарлама арқылы ұлттық мәде­ние­тімізге, мемлекетіміздің тарихына қатысты өте құнды зерттеулер жасалды. (Одан кейін­гі дәуірде «Халық тарих толқынында», «Ру­хани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты бағдарламалар да ұлт тарихын зерт­теуге көп пайдасын тигізді). Соның бірі – ар­хеология саласындағы жаңалықтар. Мем­лекетіміз археологиялық қазба жұмыс­та­рына үлкен қаражат бөлді. Соның арқа­сын­да біздің археологтар табысты еңбек етті. Ең маңыздысы − Күлтөбені зерттеу нә­тижесі Түркістан қаласының жасы 3000 жыл­ға жақындайтынын көрсетіп берді. Оның дәлелін жоғарыда айтып өттім.

Бүгінде Түркістан облыс орталығына ай­налып, жаңа дәуірде қарқынды дамуға бет бұрды. Заманға сай өзгеріп, түрленіп жа­тыр. Түркістан − бізге ғана емес, күллі түр­кі халықтары үшін қасиетті мекен. Онда бәрімізге қадірлі Қожа Ахмет Ясауи жатыр жә­не соған арнап салынған керемет сәулет туын­дысы бар. Ең бастысы ол – талай дәуір­лердің куәсі, қасиетті көне шаһар. Ендеше жерімізде іргетасы салынғанына отыз ғасырдай уақыт болған шаһардың болуы мемлекетіміз, халқымыз үшін мақтаныш екенін ұғуымыз керек. Мынадай үлкен тер­риторияда мықты ел болу үшін өз Отанын шексіз сүйетін, мемлекеті үшін ештеңеден тайынбайтын қайсар ұрпақ тәрбиелеу қа­жет. Ал ондай тәрбиені тарих қана бере ала­ды.

Әңгімені жазып алған
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Leave a reply