
Отбасылық құндылықтарды арттыру, мемлекеттік отбасылық саясаттың бір тармағы – жастарды зорлық-зомбылықтан, әлімжеттіктен, суицидтен қорғау,
Қазақстан заңнамасына сәйкес жасөспірімдік жастағы тұлғаларға 10-19 жас балалар жатқызылады. Бұл кезең орасан зор мүмкіндіктер және өсу-жетілу, күш-қуат және шығармашылық тұрғысынан шексіз дерлік әлеует береді. Алайда, жасөспірімдер – ұл балалар үшін де, қыз балалар үшін де қауіп-қатерлер мен осалдықтар артуына байланысты ерекше көңіл бөлуді де талап етеді.
Жасөсіпірімдер суициді және суицид әрекеттері жаһандық құбылыс ретінде барған сайын кеңінен мойындауға ие болып келеді. Суицид жасөспірімдер арасында тысқары себептерден көз жұмудың басты себептері қатарынан ешқашан кеткен емес.
Суицидтің алдын алу, балалармен ашық сөйлесу, сенімді қарым-қатынас орнату – ата-ана мен мектептің, қалаберді бүкіл қоғамның алдындағы үлкен міндет.
Осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында, Сайрам ауданы, №29 К. Тіленшин атындағы жалпы білім беретін мектебінде мектеп оқушылары арасында суицид пен нашақорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Сайрам аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары мен аудандық ювеналды полиция қызметкерлері қатысып, жастарға өмірдің құндылығы, өз-өзіне сенім арту және қиын сәттерде көмек сұраудың маңыздылығы туралы кеңінен әңгімеледі.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында теріс әрекеттердің алдын алу, олардың ой-санасын дұрыс қалыптастыру және жауапкершілік сезімін арттыру болып табылады. Оқушылар мамандармен ашық әңгімелесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алды.
Мұндай түсіндіру шаралары жастардың рухани және психологиялық тұрақтылығын нығайтуға, қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.












