Сәби өмірінің аманаты – дәрігердің адалдығы

Әрбір жаңа өмірдің бастауында дәрігер тұрады. Әсіресе, акушер-гинеколог мамандығы – тек кәсіп емес, жүрек пен жауапкершіліктің қосылған тұсы. Қасиет Шайырбекқызы Қоңырбаева осы ауыр да абыройлы жолды таңдаған жандардың бірі.
1985 жылы Ордабасы жерінде дүниеге келген Қасиет балалық шағынан-ақ адам жанына араша болуды армандады. Сол арман оны медицинаға жетелеп, 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік аяқтады. Кейін интернатурасын өтіп, акушер-гинеколог болып еңбек жолын бастады.
Жас маман алғашқы тәжірибесін туған жері – Ордабасы аудандық емханасында жинады. Кейін Қарасай, Астана қаласының №7 және №9 емханаларында еңбек етіп, әрбір сәтте адам тағдырына араша түсті. Оның қолынан дүниеге келген сәбилер – бүгінгі қоғамның болашағы, ата-анасының қуанышы.
Қасиет Шайырбекқызының басты ерекшелігі – біліммен тоқтап қалмай, үнемі ізденуі. Ол Астана медицина университетінде ғылымның шыңына қадам жасап, медицина ғылымдарының магистрі атанды. Жүктілік кезіндегі жүрек-тамыр патологиясынан бастап, жатыр мойнының ауруларын зерттеуге дейін түрлі тақырыптарда біліктілігін арттырып отырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат – өз кәсібіне шын берілген, қоғам алдындағы парызын ұмытпайтын тұлға» деген еді. Бұл сипат Қасиеттің өмір жолынан айқын көрінеді.
Шымкент қаласындағы №2 қалалық емханада бөлім меңгерушісі болып жүріп, кейін бас дәрігердің орынбасары лауазымына дейін өсуі – еңбегінің, адалдығының жемісі. Ана мен бала денсаулығын қорғау ісінде ол тек дәрігер ғана емес, жанашыр тұлға ретінде танылды. Себебі әрбір әйелдің амандығы – қоғамның болашағы, әрбір дүниеге келген сәби – елдің қазынасы.
Медицинадағы 13 жылдық еңбек өтілі мен басшылық қызметтегі 5 жылдан астам тәжірибесі оның өмірін «қызмет жолы» деп емес, «қызмет ету жолы» деп атауға болатынын көрсетеді. Қасиет Шайырбекқызы еңбегі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және басқармасының грамоталарымен марапатталған. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – сәбидің алғашқы жан дауысы мен ананың алғысы.
Қасиет Қоңырбаеваның өмірбаяны – «Адал азамат» тұжырымдамасының шынайы көрінісі. Ол адал еңбегімен қоғамға қызмет етіп, адам өмірін сақтауды басты парыз санайды.













