Адал еңбек қашан да бағалы

0
70

Әлия Асқарқызы Махимова – адал еңбегімен, табандылығымен ұстаздық жолда өзіндік із қалдырып келе жатқан жан. Оның өмірлік ұстанымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндес. Шәкірт тәрбиелеу ісін өзінің басты борышы санаған ол білімділік пен ізденісті, адалдық пен еңбекқорлықты қатар алып жүр.

Махимова Әлия Асқарқызы 1999 жылдан бастап ұстаздық жолға қадам басты. Өзбекстандағы еңбек жылдарынан бастап-ақ ол ағылшын тілін оқытуға ерекше ықылас танытты. Ал Қазақстанға оралған соң, кәсіби деңгейін жетілдіріп, бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдап, магистр дәрежесін қорғады. Бүгінде ол – тәжірибелі педагог-зерттеуші, ағылшын тілі пәнінің шебері.

Әлия Асқарқызының ұстаздық жолындағы ең басты жетістігі – шәкірттерінің табысы. Оның жетекшілігімен оқушылар қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда үздік орындар алып жүр. Әрбір жетістік артында мұғалімнің көрінбейтін еңбегі, түн ұйқысын төрт бөлген ізденісі, адал еңбегі жатыр. Ол шәкіртін тек тіл үйретумен шектемей, оларға әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық сынды қасиеттерді де дарытуға тырысады.

Адал еңбегі бағаланып, әр жылдары алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болды. Бірақ ол үшін марапат – мақсат емес. Оның басты қуанышы – шәкіртінің жетістігі. Көптеген оқушысы ағылшын тілін терең меңгеріп, ел абыройын асқақтатуда. Бұл – ұстаздың кәсібіне деген адалдығының айқын дәлелі.

Қазіргі таңда №89 ІТ мектеп-лицейінде қызмет атқарып жүрген Әлия Асқарқызы заман талабына сай жаңа технологияларды сабаққа енгізуде. Ол инновациялық әдістер арқылы балалардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың білімге деген ынтасын арттырып жүр. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен адалдығы шәкірттерін де жігерлендіреді.

Әлия Асқарқызының өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. Ол ұстаздықты жай мамандық емес, ұрпаққа қызмет етудің қасиетті жолы деп түсінеді. Әр сабағы арқылы ол шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, болашаққа жол сілтейді. Осындай адал азаматтардың арқасында еліміздің білім саласы алға басып, жас ұрпақтың болашағы жарқындай бермек.

Leave a reply