Адал ұстаздың өмір жолы

Ұстаз болу – кез келген адамға бұйыра бермейтін ерекше тағдыр. Бұл жолды таңдап, шәкірт тәрбиесіне бар жанын арнағандардың бірі – Мұсабаева Жадыра Мырзаханқызы. Ол 1984 жылы Сарыағаш ауданы, Ынтымақ елді мекенінде дүниеге келіп, бала күнінен ғылымға, білімге құштар болып өсті. №9 С.Майлықожа атындағы орта мектепті тәмамдап, болашағын ұстаздықпен байланыстыруды мақсат тұтқан Жадыра жастайынан өзіне жоғары талап қоя білді. 2000 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің Жаратылыстану-педагогикалық факультетіне түсіп, 2004 жылы «Математика және физика пәнінің мұғалімі» мамандығын ойдағыдай аяқтады.
Жадыра Мырзаханқызының еңбек жолы Шымкент қаласындағы №75 көп салалы мектеп-гимназиясында басталды. Математика пәнін оқытудағы ізденімпаздығы мен талапшылдығы оны әріптестері арасында да, оқушылары арасында да ерекше беделді етті. 2015 жылдан бері №46 мектеп-лицейінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда оның жалпы еңбек өтілі 16 жылдан асады. Осы уақыт ішінде ол талай шәкірттің ғылымға, білімге деген қызығушылығын оятып, олардың болашағына жол ашты.
Білім саласына адал қызмет еткен педагогтың жетістіктері де аз емес. Ол – «педагог-зерттеуші» санатына ие, үнемі кәсіби дамуға ұмтылатын білікті ұстаз. 2020 жылдан бастап Педагогикалық шеберлік орталығында тренер болып жұмыс істейді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген халықаралық PISA зерттеуіне арналған курстарда ол оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығын арттыру, креативті ойлауын дамыту бағытында тәжірибе бөлісіп келеді. Сонымен қатар, «Мектептегі сабақ: басымдықтар және жетілдіру стратегиялары» тақырыбындағы онлайн және оффлайн форматтағы курстарда да белсенді тренерлік қызмет атқарған.
Жадыра Мырзаханқызының шәкірттері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалардан жүлделі орындар алып жүр. Бұл – оның табанды еңбегінің, адалдық пен шынайылыққа негізделген ұстаздық жолының жемісі. Әр оқушысының жетістігін өз қуанышындай қабылдап, білім беру ісіндегі жауапкершілікті басты міндет санайды.
«Мақсатым – оқушыларға терең білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, елжанды, тәрбиелі тұлға қалыптастыру» дейді ол. Шын мәнінде, адал еңбек пен мейірімді жүрек тоғысқанда ғана нағыз ұстаздың бейнесі сомдалады. Жадыра Мырзаханқызы – өз ісіне адал, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп келе жатқан сондай азаматтың айқын үлгісі.












